Қазақстанда жүргізілген мемлекеттік аудит республикалық бюджетке 730 миллиард теңге көлемінде салықтың түспегенін анықтады. Тексеру барысында миллиардтаған теңгенің қаржылық заңбұзушылықтары мен салықтық әкімшілендірудегі жүйелі кемшіліктер белгілі болды. Бұл туралы Qandastar.kz сайты хабарлады.
Жоғары аудиторлық палатаның мәліметінше, аудит қорытындылары палата отырысында қаралып, 2025 жылғы республикалық бюджеттің салық түсімдері жоспары толық орындалмағаны анықталған.
Тексеру нәтижесіне сәйкес, жоспардың орындалмай қалған көлемі 730 миллиард теңгені немесе жоспарланған көрсеткіштің 4,8%-ын құраған. Аудиторлардың айтуынша, бұған салық түсімдері бойынша болжамның 1,3 триллион теңгеге артық жоспарлануы негізгі себептердің бірі болған.
Сонымен қатар соңғы төрт жылда қосымша есептелген салықтарға қатысты даулардың жартысынан астамы салық төлеушілердің пайдасына шешілген. Жоғары аудиторлық палата мұны салық заңнамасы талаптарының сақталмауы және тексеру актілерін рәсімдеу кезінде жіберілген процессуалдық қателіктермен байланыстырды. Осыған байланысты салықтық тексерулердің сапасын бақылауды күшейту ұсынылды.
Кедендік бақылау саласында да бірқатар заңбұзушылық анықталған. Аудит барысында электромобильдерге арналған кедендік жеңілдіктердің гибридті көліктерді импорттау кезінде де заңсыз қолданылғаны белгілі болды. Соның салдарынан мемлекет бюджетіне шамамен 70 миллион теңге түспеген.
Бұдан бөлек, сыртқы экономикалық қызметпен айналысатын 34 компания импорт кезінде қосылған құн салығын есепке алу әдісін заңсыз пайдаланған. Нәтижесінде бюджетке 670 миллион теңгеден астам импорттық ҚҚС түспей қалған.
Сондай-ақ жеңілдетілген кедендік рәсімдерді қолданатын уәкілетті экономикалық операторлардың қызметіне бақылаудың жеткіліксіз екені анықталды. Кейбір компаниялар мұндай мәртебеден айырылуға негіз болғанына қарамастан, бұрынғы артықшылықтарын пайдалана берген. Аудиторлар аяқ киім өнімдерін таңбалау жүйесінің де салық түсімдерін арттырудағы мүмкіндігі толық іске асырылмай отырғанын атап өтті. Сонымен қатар Мемлекеттік кірістер комитетіне мемлекеттік қызметтерді есепке алу, мониторинг жүргізу және олардың сапасын бақылау жүйесін жетілдіру ұсынылды.
Жалпы аудит нәтижесінде 2,7 миллиард теңге көлеміндегі қаржылық заңбұзушылық, 33 рәсімдік заңбұзушылық және 11 жүйелі кемшілік анықталды. Жоғары аудиторлық палата барлық анықталған мәселелер бойынша мемлекеттік органдарға міндетті түрде орындалуға тиіс тиісті тапсырмалар мен ұсынымдар жолдады.



