Батыс Қазақстан облысіндегі «Атамекен» жазғы сауықтыру лагерінде жасөспірімдер арасында есірткінің алдын алуға бағытталған «Біз есірткісіз өмірді таңдаймыз» атты профилактикалық іс-шара өтті. Бұл туралы Qandastar.kz сайты Polisia.kz порталына сілтеп хабарлады.
Шараны облыстық полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы кинологиялық қызмет орталығының мамандарымен және полиция департаменті жанындағы есірткі құқық бұзушылықтарының алдын алу жөніндегі кеңестің мүшесі Асел Мырзахметовамен бірлесіп ұйымдастырды.
Лагерь аумағында өткен кездесуде балалар мен жасөспірімдерге танымдық дәріс оқылып, еркін форматтағы сұрақ-жауап алаңы ұйымдастырылды. Сондай-ақ қатысушыларға арнайы көрсетілім бағдарламасы ұсынылды.
Полиция қызметкерлері есірткінің адам денсаулығына тигізетін зияны, оны заңсыз сақтау мен таратқаны үшін қарастырылған жауапкершілік және салауатты өмір салтын ұстанудың маңызы туралы кеңінен түсіндірді. Қатысушылар өздерін қызықтырған сұрақтарға да жауап алды.
Іс-шараның ерекше бөлігінің бірі кинологиялық қызмет орталығының қызметтік иттері қатысқан көрсетілім болды. Арнайы дайындықтан өткен иттер жасырылған есірткі заттарын іздеу бойынша өз шеберліктерін көрсетіп, көрермендердің қызығушылығын тудырды. Бұл көрсетілім кинологтардың есірткі қылмысына қарсы күрестегі маңызды қызметін таныстырды.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай кездесулер жастардың құқықтық сауаттылығын арттыруға, есірткіге тәуелділіктің алдын алуға және салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталған.



