ЖаңалықтарСпорт

Дидье Дешам Франция құрамасының бас бапкері қызметінен кетті

Франция футбол федерациясы Дидье Дешамның ұлттық құрамамен арадағы қызметін аяқтағанын ресми түрде жариялады. Ол 14 жыл ішінде команданы әлем чемпионы атандырып, Ұлттар лигасын жеңіп, бірнеше ірі турнирдің финалына шығарды.

Франция ұлттық құрамасының бас бапкері Дидье Дешам қызметінен кетті, деп хабарлайды Qandastar.kz.

Франция футбол федерациясы Дидье Дешамның ұлттық құрамамен арадағы қызметін аяқтағанын ресми түрде мәлімдеді. Ұйым оның 2012 жылдан бері атқарған еңбегіне жоғары баға беріп, француз футболының дамуына қосқан зор үлесі үшін алғыс айтты.

Федерацияның мәліметінше, Дешам жетекшілік еткен кезеңде Франция құрамасы 2018 жылғы әлем чемпионатының жеңімпазы атанып, 2021 жылы Ұлттар лигасын жеңіп алды. Сонымен қатар команда бірнеше ірі халықаралық турнирдің финалына шығып, әлемдік деңгейдегі тұрақты нәтижесін сақтап қалды.

14 жыл ішінде Дидье Дешам ұлттық құраманы 185 матчқа бастап шығып, оның 120-сында жеңіске жеткен. Федерация оның талапшылдық пен тәртіпке негізделген жұмыс жүйесін қалыптастырып, бірнеше буын футболшылардың дамуына ықпал еткенін атап өтті.

Сондай-ақ федерация Дешамның ойыншы әрі бапкер ретінде Франция футболының тарихында ерекше орын алатынын мәлімдеді. Ол 1998 жылы әлем чемпионы және 2000 жылы Еуропа чемпионы атанған құраманың капитаны болса, араға жиырма жыл салып ұлттық құраманы бас бапкер ретінде әлем чемпионы етті.

Франция футбол федерациясы мәлімдемесінің соңында Дидье Дешамға көпжылдық адал еңбегі үшін алғыс білдіріп, оның есімі француз футболының тарихында мәңгі сақталатынын жеткізді.

Ұқсас Мақалалар

Back to top button