Әлеумет және қоғамЖаңалықтар

Нетаньяхудың ұлына қауіп төнді: Яир АҚШ-тан Израильге шұғыл эвакуацияланды

Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяхудың ұлы Яирдің өміріне қауіп төнуі мүмкін деген ақпарат тарады. Осыдан кейін қауіпсіздік қызметі оны Флоридадан Израильге шұғыл қайтару туралы шешім қабылдаған.

Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяхудың ұлы Яирге Иран тарапынан қауіп төнуі мүмкін деген ақпараттан кейін оны АҚШ-тан Израильге шұғыл эвакуациялаған. Бұл мәліметті Израильдің Шин Бет қауіпсіздік қызметі растады, деп хабарлайды Qandastar.kz.

Ведомствоның мәліметінше, қауіпсіздік жағдайы бағаланғаннан кейін Яир Нетаньяхуды Флоридадан елге қайтару туралы шешім қабылданған. Ол Израиль қауіпсіздік қызметкерлерінің бақылауымен АҚШ-тан шығарылған.

Бұған дейін Newsmax америкалық құқық қорғау органдарындағы дереккөзге сүйеніп, Израиль барлау қызметі Яир Нетаньяхуға қастандық жасауға бағытталған деген болжамды Иран жоспарын анықтағанын жазған.

Басылым мәліметінше, Иранмен байланысы бар деген күдікке ілінген адамдар Майами маңында болып, Яир Нетаньяхудың тұрған жері мен қозғалысын бақылаған болуы мүмкін.

The Jerusalem Post басылымы Яирге тұрған жерінен дереу кету тапсырылғанын хабарлады. Ол жеке заттарын алып үлгерместен қауіпсіздік шараларына байланысты АҚШ-тан кеткен. Кейін Израильге оралған.

Бұған дейін Биньямин Нетаньяху Иранның оның ұлдарының біріне қастандық жасауға әрекеттенгенін айтқан болатын. Алайда премьер-министр қай ұлы туралы айтып отырғанын нақтыламаған.

Ұқсас Мақалалар

Back to top button