Бішкектегі ең ірі тоқыма базарларының бірі – «Мәдина» базарында болған ірі өртті сөндіруге қаладағы барлық өрт сөндіру техникасы жұмылдырылды. Бұл туралы Qandastar.kz сайты Sputnik.kg басылымына сілтеме жасап хабарлады.
Қырғызстан Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, тілсіз жау 400 шаршы метр аумақта оқшауланған. Қазір құтқарушылар өрттің толық сөнуін қамтамасыз ету үшін жабық контейнерлерді ашып, жасырын ошақтарды жою жұмыстарын жалғастырып жатыр.
Өрт сөндіру операциясын Төтенше жағдайлар министрі Қанатбек Чыныбаевтың өзі үйлестіріп отыр.
Алдын ала мәліметке сәйкес, өрттің шығуына электр желісіндегі қысқа тұйықталу себеп болуы мүмкін. Дегенмен нақты себеп өрт толық сөндірілгеннен кейін арнайы комиссияның қорытындысымен белгілі болады.
Өрт болған кезде базар жұмыс істемеген. Сауда орны алдын ала үш күнге жабылып, кәсіпкерлер демалысқа жіберілген.



