Әлеумет және қоғамЖаңалықтар

СҚО-да миллиардтық жоба аяқталмай қалды: екі басшы күдікке ілінді

Солтүстік Қазақстан облысының Айыртау ауданында 1,4 млрд теңгеге бағаланған құрылыс жобасына қатысты қылмыстық іс тергеліп жатыр, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.

Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, мәселе «Сырымбет» кен орнына дейін теміржол кірме жолын, ішкі жол тармақтары мен инженерлік желілерді салу жобасына қатысты.

Жоба 2017 жылы «Бизнестің жол картасы — 2020» бағдарламасы аясында басталған. Құрылыс 2018 жылы аяқталуы тиіс болған. Алайда жұмыс мерзімі бірнеше рет ұзартылғанымен, нысан әлі пайдалануға берілмеген.

Тексеру барысында іс жүзінде орындалмаған жұмыстардың құны 380 млн теңге болғаны анықталған.

«Сырымбет» кен орнының өңір үшін стратегиялық маңызы бар. Бұл — Қазақстандағы жалғыз әрі Орталық Азиядағы ең ірі қалайы кен орны.

Қазір іс бойынша мердігер компанияның басшысы және облыстық Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының бұрынғы басшысы күдікті деп танылды.

Сот санкциясымен күдіктілердің үш пәтері мен автотұрақ орнына тыйым салынған.

ҚМА тергеп-тексеруді жалғастырып жатыр.

Ұқсас Мақалалар

Back to top button