
Премьер-министр Олжас Бектенов Алматы облысының жаңа әкімін таныстырып, өңір алдындағы негізгі міндеттерді белгіледі, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.
Үкімет басшысы Президент тапсырмаларын сапалы әрі жедел орындаудың маңызын атап өтті. Оның айтуынша, облыста тұрғындар үшін маңызды әлеуметтік, инженерлік және энергетикалық нысандардың құрылысын жоғары қарқынмен жүргізу қажет.
Сонымен қатар ауылдық елді мекендердің инфрақұрылымын дамыту әкімдік жұмысының басым бағыттарының бірі болуы тиіс.
Ауқымды құрылыс бағдарламасы отандық кәсіпорындарға да қосымша мүмкіндік береді. Жаңа нысандарды салу кезінде қазақстандық құрылыс материалдары мен жабдықтарына басымдық беру көзделіп отыр. Бектенов отандық өндірушілер өсіп келе жатқан сұранысты өндіріс көлемін арттыру арқылы қамтамасыз етуі қажет екенін айтты.
Үкімет басшысының пікірінше, құрылыс көлемінің артуы өңір тұрғындары үшін қажетті нысандардың пайда болуына ғана емес, отандық бизнес пен өндірістің дамуына да серпін беруі тиіс.



