
Ақтөбеде күйеу баласына төрт рет оқ атқан бұрынғы полиция қызметкеріне сот үкімі шықты, деп хабарлайды qandastar.kz порталы tilshi.news парақшасына сілтеме жасап.
Ол 10 жылға бас бостандығынан айырылды.
Оқиға 28 наурызда болған. Хромтау аудандық полиция бөлімінің аға лейтенанты кезекшілікке шығуға дайындалып жүрген кезде туыстарымен бірге алкоголь ішкен.
Сол отырыс кезінде полицейге күйеу баласының оның қарындасын ұрғаны туралы айтылған. Бұл жағдайға ашуланған ер адам қызметтік қаруын алып, туысына төрт рет оқ атқан.
Ақтөбе облысының соты хабарлағандай, экс-полицейдің мақсаты жәбірленушіні қасақана өлтіру болған. Алайда ол ойын соңына дейін жеткізе алмаған. Оқ салдарынан ер адам ауыр жарақат алған.
Сотталушы өз кінәсін ішінара мойындады.
Сот оны адамды қасақана өлтіруге оқталды деп танып, 10 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.



