
Қостанай облысының Қарабалық ауданында ауқымды табиғи өрт тіркелді, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.
Қызыл жалын Үрнек ауылы маңындағы құрғақ шөп пен қайыңды алқапты шарпып, кейін Қарадум орманшылығының аумағына өткен.
Өртпен күреске 100-ден астам адам мен 25-тен астам техника жұмылдырылды. Олардың қатарында Төтенше жағдайлар министрлігінің қызметкерлері, жергілікті атқарушы органдар, орман шаруашылығы мамандары, «Ауыл құтқарушылары» және аумақтық қорғаныс бөлімшелері болды.
Жағдайды бақылау және өртті сөндіруге әуеден қолдау көрсету үшін «Қазавиақұтқару» тікұшағы да іске қосылды. Әуе техникасы арнайы су төгетін құрылғымен жабдықталған.
Құтқарушылар мен басқа да қызметтердің бірлескен жұмысының нәтижесінде өрт шамамен 850 гектар аумақта толық сөндірілді. Оқиға салдарынан зардап шеккендер жоқ.
ТЖМ тұрғындарды өрт қаупі жоғары кезеңде табиғат аясында қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауға шақырды.



