Жаңалықтар

Қытай Қазақстаннан жылына 20 мың тонна шошқа етін сатып алмақ

Қытай Қазақстаннан жылына 20 мың тонна шошқа етін импорттауды көздеп отыр, деп хабарлайды qandastar.kz.

Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің 24-ші отырысы аясында Қытай ет қауымдастығының өкілдері Солтүстік Қазақстан облысындағы «EMC Agro» өнеркәсіп кешеніне барған.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметінің ақпаратынша, келген қонақтарға мал союдан бастап одан әрі ішкі нарыққа шығару үшін өлшеп-орауға дейінгі барлық өңдеу циклі көрсетілді. Барлық процесс автоматтандырылған және халықаралық санитарлық-эпидемиялық талаптарға сәйкес келеді.

Сапаны бақылауды тәулік бойы неміс анализаторларымен жабдықталған зертхана қамтамасыз етеді. Дайын өнім арнайы мұздатқыш цехта сақталады.
Кәсіпорынның жұмысымен танысқаннан соң, тараптар ынтымақтастық перспективаларын талқылады. Қытай ет қауымдастығы жылына 20 мың тонна шошқа етін импорттауға қызығушылық танытты.
Өз кезегінде, «EMC Agro» компаниясының өнеркәсіптік кешені Қытайға шығарылатын өнімнің 60% -ға жуығын жеткізуге дайын.
«Бүгінде Қытай ет қауымдастығына кіретін компаниялардың бірі жергілікті кәсіпорыннан шошқа етін сатып алуды жоспарлап отыр. Әңгіме жылына 20 мың тонна туралы болып отыр. Бірақ біз қой мен сиыр етіне де мүдделіміз», – деп атап өтті Қытай ет қауымдастығының сиыр етін импорттаушылар және экспорттаушылар клубының президенті Ма Гуаншэн.
«Қытайдың талаптары жоғары екенін түсіну керек. Жеткізу көлемі тұрақты, шикізат қауіпсіз болуы тиіс. Біздің етіміз жоғары сапалы, біз өз өнімімізге күмән келтірмейміз, жемісті ынтымақтастыққа дайынбыз. Көрші нарық біз үшін маңызды», – деді «ЕМС Аgro» компаниясының басшысы Ержан Елеубаев.
Ілмектер

Осы айдарда

Пікір үстеу

Close