Қазақстанда әлеуметтік осал топқа жататын талапкерлер мемлекеттік білім беру гранты конкурсына жалпы тәртіппен емес, арнайы бөлінген квота негізінде қатысады. Бұл туралы ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру комитетінің басқарма басшысы Жандәулет Құдайбергенов мәлімдеді, дейді Qandastar.kz сайты.
Оның айтуынша, жыл сайын мемлекеттік білім беру тапсырысының белгілі бір бөлігі әлеуметтік санаттағы талапкерлерге арналған арнайы квота ретінде бөлінеді. Мәселен, төрт және одан да көп баласы бар көпбалалы отбасылардан шыққан талапкерлер үшін гранттардың жалпы санының 5 пайызы қарастырылған.
Сонымен қатар қандастарға, толық емес отбасылардан шыққан талапкерлерге және басқа да әлеуметтік осал санаттарға жеке квоталар бөлінеді. Толық емес отбасыдан шыққан талапкерлер үшін гранттардың 3 пайызы белгіленген.
Арнайы квота I және II топтағы мүгедектігі бар азаматтарға, сондай-ақ мүгедектігі бар адамды тәрбиелеп отырған отбасылардан шыққан талапкерлерге де қарастырылған.
Министрлік өкілінің айтуынша, бұл санаттағы талапкерлер тек өздеріне бөлінген квота аясында конкурсқа қатысады. Ал жалпы конкурсқа қатысушылар арнайы квота бойынша бөлінген гранттарға үміткер бола алмайды.
Сонымен қатар ерекше білім беру қажеттілігі бар студенттерге жоғары оқу орындарында қажетті жағдайлар жасалады. Оларға инклюзивті білім беру талаптарына сәйкес оқу процесінде арнайы қолдау көрсетіледі.



