Жаңалықтар

Алматыдағы медицина қызметкерлері аллеясы жаңартылып, тұрғындарға пайдалануға берілді

Алматының Медеу ауданында медицина қызметкерлері аллеясын абаттандыру жұмыстары аяқталды. "Халық қатысатын бюджет" бағдарламасы аясында жаяу жүргіншілер жолы жаңартылып, жарықтандыру жүйесі орнатылды, көгал төселіп, жүздеген бұта егілді. Нәтижесінде тұрғындардың демалысы мен серуендеуіне қолайлы жаңа қоғамдық кеңістік пайда болды.

Алматы қаласының Медеу ауданында медицина қызметкерлері аллеясын абаттандыру жұмыстары толық аяқталды. Жоба «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы аясында тұрғындардың ұсыныстары негізінде іске асырылды. Бұл туралы Qandastar.kz сайты хабарлады.

Жаңғырту барысында аллеяда жалпы аумағы 320 шаршы метрді құрайтын жаңа жаяу жүргіншілер жолы төселді. Сонымен қатар аумаққа қоршаулар орнатылып, заманауи жарықтандыру жүйесі, көше шамдары, орындықтар және қоқыс жәшіктері қойылды.

Көгалдандыру жұмыстары аясында 2,7 мың шаршы метр жерге көгал төселіп, 260 түп бұта егілді. Нәтижесінде тұрғындардың серуендеуі мен тынығуына арналған жайлы, қауіпсіз әрі эстетикалық тартымды қоғамдық кеңістік қалыптасты.

Айта кетейік, «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы қала тұрғындарының ұсыныстары негізінде қоғамдық аумақтарды абаттандыруға және олардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған.

Ұқсас Мақалалар

Back to top button