Жаңалықтар

АНАУ ҚАЛАСЫ – ТҮРКІ ӘЛЕМІНІҢ МӘДЕНИ АСТАНАСЫ

Биыл түркі халықтарының мәдени астанасы мәртебесі Түрікменстанның Анау қаласына берілді. Қазір аталған шаһарда мәдени іс-шаралар басталды. Жиынға ағайынды елдердің өкілдері қатысып, қала тарихымен танысты. Сондай-ақ, әр халықтың ұлттық құндылықтарынан құралған көрме өтіп, өнерпаздар жиын көркін қыздарды. Шернияз Жалғасбекұлы, тілші: — 2010 жыл. Бауырлас мемлекеттердің басшылары Стамбулда саммитте жолықты.

Кеңесті, келелі ойлар айтты. Түркі тілдес елдердің төл мәдениеті мен тарихын төрткүл тарапқа насихаттаудың нақты тетіктерін талқылады. Сол жиында Түркі әлемінің мәдени астанасын жариялау ұсынылды. Президенттер бұған келісті, көне қалаларға көшпелі басқала мәртебесін беруді мақұлдады. Алғаш Астана қаласы түбі бір халықтардың мәдени орталығы атанды. Артынша жыл сайын басқала мәртебесі басқа да шаһарларға берілді. Түркістан да 2017 жылы түркі әлемінің мәдени астанасы болды. Сұлтан Раев, «Түріксой» ұйымының бас хатшысы: — Түркі тілдес мемлекеттердің қалыптасу тарихымен тығыз байланысты көне қалалар бар.

Оларға мәдени астана мәртебесін беру арқылы ол жердегі ескерткіштерді зерттеуге, қорғауға және насихаттауға мүмкіндік туады. Бұл дегеніңіз өткенімізді жаңғыртып, ұмыт болған ұлт құндылықтары насихатталады деген сөз. Түріксой ұйымының негізгі жобаларының біріде, бірегейі және басты мақсаты осы бастама деп айта аламын. Биыл бұл мәртебе Түрікменстанның Анау қаласына табысталды. Яғни, 2024 жылы бауырлас мемлекеттердің біте қайнасқан болмысы, өткені мен өзегі осында жанданады. Шаһар — ел астанасының іргесінде орналасқан. 7 мың жыл бұрын құрылған қалада Анау өркениетінің ескерткіштері табылған. Сондай-ақ, биыл түрікмендердің халық ақыны Мақтымқұлы Фрағидің туғанына 300 жыл. Сол себепті де астана атағы осында берілді. Сұлтан Раев, «Түріксой» ұйымының бас хатшысы: — Биылғы басқала мәртебесі Анау қаласына берілді. Енді мұнда жыл көлемінде ілкімді істер мен байырқалы бастамалар қолға алынады.

Нақтырақ  айтар болсақ, Қорқыт ата атындағы төртінші халықаралық кино фестивалін, театр фестивалін, жастар форумын өткізу жоспарда бар. Аннадурды Ташлиев, Түрікменстан мемлекеттік «Спорт» телеарнасының жауапты хатшысы: — Биыл ұлтымыздың классик ақыны Мақтымқұлы Фрагидің 300 жылдығы. Әрі, Анау қаласы түркі халықтарының мәдени орталығы мәртебесіне ие болды. Бұл біздің мемлекетіміз үшін елеулі оқиғалар деп білемін. Түрікмен халқы өткенін ұмытпаған, ұлыларын ұлықтаған ел. Сондықтан бұл мерейлі мезеттерді атап өтуге барша азаматтар атсалысады деген ойдамын. Басқосуда бір туған бауырлас мемлекеттердің өкілдері бір біріне жылы шырай танытып, өткен Наурыз мерекесімен құттықтап жатты. Өнерпаздар жиылған жұртқа ән-күйден тарту жасап, ұл-қыздар ұлттық ойындардың көркін қыздырды. Қонақтар да құр қол келмеген екен. Әр ұлттың құндылығына құрылған көрме өтті. Қатысушылар  қызығушылықпен тамашалады, қазақ павилонынан да адам аяғы арылмады. Тәрбия Айдынбаева, дизайнер: — Бүгін осындай той, үлкен мереке болып жатыр. Түркі тілдес халықтардың басқосуы болып жатыр. Бұнда өз павилонымызға ұлттық киімдерді алып келдік. Ұлттық тағамдарды алып келдік. Ұлттық қолөнер бұйымдарын алып келдік. Наурыз мерекесімен тұспа-тұс келіп жатқан осы үлкен шара ораза айымен де сәйкес келіп жатыр. Түркі тілдес халықтардың мерекесі думанды өтіп жатыр. Астана мен Түркістанның ізін қарт Каспидің жағасындағы өңір жалғайды. Келер жылы түркі халықтарының мәдени басқаласы мәртебесі Ақтау қаласына өтеді. Бұл жайлы былтыр Әзірбайжанда өткен жиында айтылған.

Айбек Сыдықов, ҚР Ұлттық музей директорының м.а.: — 2023 жылы Шуша қаласында Түріксойдың 39-шы отырысы аясында Қазақстан тарапының ұсынысы бойынша 25 жылы түркі әлемінің астанасы ретінде Ақтау қаласын бекіткен болатын. Ақтау қаласының таңдалуы да бекер емес. Себебі біз білеміз Ақтау қаласы тарихи-мәдени ескерткіштерге бай өлке. Ол жерде 120 дан астам тарихи ескерткіштеріміз, қорымдарымыз бар. Соның ең ірі дейтіндері ол Шақпақ ата, Бекет ата және жерасты мешіттері. Келесі кезек Қазақстанда. Яғни, 2025 жылы маңғаз Маңғыстаудағы мәдени мол мұрамыз дүйім жұрттың жадында жаңғырады. Дін мен діл, тереңнен тін тартқан төл мәдениетіміз бен тарихымыз, ата кәсібіміз айшықталады. Бұл қазақ елінің ғана емес, түркі тілдес халықтардың ортақ қуанышы.

Осы айдарда

Добавить комментарий

Close