Жаңалықтар

Еуропа жұрты жылқы етінің сапасын қазының қалыңдығымен өлшемейтіні анық – павлодарлық ғалым

Тәуелсіздік алған жылдардан бері Павлодар облысындағы жылқы басы үш есеге жуық өскен. Дейтұрғанмен ғалымдар асылдандыру жұмыстары кенжелеп қалғанын айтады. Өңірдегі асыл тұқымды қылқұйрықтылардың үлесі — небәрі 5 пайыз.

Ертіс-Баян өңірінде 1980-ші жылдардың соңында 86 мың жылқы болса, қазіргі уақытта оның саны 250 мыңнан асқан. Қазақ жылқысы күні-түні тебінде жүретіндіктен фермерлер оған мал шаруашылығындағы ең шығыны аз жануар ретінде қарайды.

Торайғыров университетінің қауымдастырылған профессоры, Павлодар облыстық жылқы өсірушілер қауымдастығының төрағасы Төлеген Асанбаевтың дерегінше, өңірдегі жылқының тек 5,6 пайызы ғана асыл тұқымды. Жергілікті шаруашылықтар үшін жылқы етін экспортқа шығару әлі күнге арман болып отыр. Дамыған мемлекеттер, мәселен, Франция мен Италия халқы жылқы етін тұрақты тұтынғанымен қазақ жылқысының еті олардың тәбетін ашпай тұр. Еуропа жұрты еттің сапасын қазының қалыңдығымен өлшемейтіні белгілі. Импорт еттің салмағы мығым болуы керек. Ал біздің жылқылардың әлеуеті оған әзірше жетпейді. Сондықтан жылқы өсірушілеріміз әуелі сапа тұрғысына мән беріп, жануардың қасиетін физикалық тұрғыдан арттыруға көңіл бөлсе керек.

— Жалпы жылқы етін өңдеу саласы бізде мүлде кенже қалған. Сонау Орал өңіріндегі «Кублей» зауытының өзі жылқы өнімдерін дайындау үшін шетелден жылына 5 мың тонна тоңазытылған жылқы етін сатып алатын көрінеді. Ал нарықтағы жылқы етінің 6-7 пайызын Ресейден жеткізілетін өнімдер құрап отыр. Өзіміздің қалалардағы супермаркеттер желісі жергілікті шаруашылықтардан жылқы етін тіпті алғысы келмейді. Олардың талабы бойынша өндірушілер жылдың төрт мезгілінде де бірдей сападағы етті жеткізуі керек. Қазақ жылқылары тек тебінде жүріп, ауа райы, табиғат жағдайына байланысты қоң жинайтындықтан, олардың көңілінен шығатын ет тек күз айлары мен қыстың басында ғана болатыны түсінікті. Сондықтан жылқы өсірушілер үшін сауда желілері алынбас қамалға айналған, -дейді ғалым.

Өңірдегі жылқы табындарының дені Баянауыл, Май аудандарында және Екібастұздың ауылдық аймағында шоғырланған. Облыста жайылым мен жылқышылар тапшы. Урбанизация әсерінен жастардың көбі қалаға қашады, ал ауылдық жерлердегі жылқышының еңбегі 150-200 мың теңгеден аспай тұр.

Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов жылқы шаруашылығын біраз жылдан зерделеп жүргенін жеткізді. Оның пікірінше, жылқының сапасы жақсармауына табындарды тым қалың етіп ұстау себеп болып отыр.

«Жылқыны көп ұстайтын шаруашылықтар табынды бөлмей, кемі 1000-1500 бас етіп ұстайды. Бұл – қате қадам. Қазіргі статистикаға сүйенсек, 100 биеден әрі кетсе 65 құлын алынады. Сондықтан жылқы табынын бөліп-бөліп әрі кетсе 400-450 бастан асырмай ұстау керек. Жайылым тапшылығы да сезіліп отыр. Былтыр облыста 380 мың гектар игерілмеген жер халыққа қайтарылды. Облыста қымыз дайындау бойынша ұйымдастырылған өндіріс жоқ. Май ауданындағы «Ақжар-Өндіріс» агрофирмасы жұмысшылардың жоқтығынан тоқтап тұр. Ал құр ет өндірумен айналыссақ, жылқы шаруашылығының болашағы бұлыңғыр болмақ. Бұл салада нарықтық бәсекелестік деген атымен жоқ. Халықаралық нарыққа бейімделу үшін өзге елдердің тәжірибелерін үлгі етуден ұтылмаймыз», — дейді ол.

Моңғолия мемлекеті жылқы арасында түрлі індет көп бола тұра, Қытайдың нарығын жаулап алған. Жергілікті экспортшылар жылқы етін әуелі ыстық суда жартылай қайнатып алады да, сосын экспортқа жібереді. Ондағы еттің килосы әрі кетсе 3,5 доллар. Интенсивті дамуға көшіп, еттің сапасын қысы-жазы бірдей қалыпта ұстау үшін мал бордақылау фермалары қажет. Маркетинг саласының мамандары алдағы жылдары жылқының еті қазіргіден арзандайтынына күмән жоқ деп отыр. Себебі ол нарықта көбейе түскен.

Ғалым Төлеген Асанбаев жергілікті «Мойнақ-2015» серіктестігінде жаңаалтайлық жылқылар 2000 жылдан бері өсірілетінін жеткізді. Жаңаалтайлық пен қазақ жылқысын будандастырып алынған жабағы 170 килограмм ет берген. Ал екі жарым жасар құнанның таза еті 250 килограмм тартқан. Әлгі серіктестік жергілікті шаруашылықтар үшін жаңаалтайлық жылқы тұқымын сата бастауы мүмкін. Бұрын Ресейден қымбатқа сатып алып келген жануарлар өзімізде көбейіп жатқаны қуантарлық жаңалық. Бұл біздің климатқа әбден бейім, төзімді жануарлар.

Статистикалық болжамға сүйенсек, алдағы 10-15 жылда еліміздегі қылқұйрықтылардың саны 10 миллионнан асады деп болжап отыр. Бұған еліміздегі жайылымдық жерлер мүмкіндік береді. Ендігі жерде қазақ жылқысының сапа тұрғысындағы көрсеткіштерін арттыру маңызды. Жоғарыда айтқандай, жаңаалтайлық тұқымның генотипінде алтайлық, кеңестік, орыс, литвалық ауыр жүк тартатын жылқы тұқымдарының қаны бар. Бұл тұқымдардың генетикалық потенциалы жоғары, тірідей салмағы 600-ден 1000 кг-ға дейін жетеді. Ал сүттілігі – 4 мыңнан 7 мың литрге дейін. Маңыздысы, бұл тұқым жыл бойы тебінді жайылымға бейімделген әрі бұл жағынан қазақ жылқыларынан кем түспейді.

Осы айдарда

Добавить комментарий

Close