Жаңалықтар

Фермерлер тұқымның арзанына қызығып, сапасыз дәнді дақылға ұрынуы мүмкін – павлодарлық ғалым

 

Импорт тұқымның өнгіштік қасиеті кеміп кеткеніне ғалымдардың өзі қайран қалып отыр. Тіпті, кейбір дақылдар бойынша бұл көрсеткіш 40-60 пайыздан аспайды.

Биыл Павлодар облысында тұқым тапшылығы бар.

Өңірлік ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Төлеген Көшербаевтың айтуынша, көктемгі дала жұмыстары үшін 174,4 мың тонна тұқым қажет. Облыс бойынша тұқымның жалпы жетіспеушілігі — 21 мың тонна. Бұл көлем өңірден табылмаса, өзге аймақтардан, шет мемлекеттерден сатып алынады.

Алайда, диқандар тұқым сатып алуда арзанына ұмтылып, сапасыз дәнді дақылға ұрынуы мүмкін.

«Павлодар ауыл шаруашылығы тәжірибелік стансасы» ЖШС-ның аға ғылыми қызметкері Наталья Жукованың айтуынша, фермерлер кез келген тұқымның негізгі екі сапа көрсеткішіне көңіл аударуы керек.

Ең әуелі сырттан сатып алынатын тұқымның фитосанитариялық талаптарға сай болуы нақтылауы керек. Аудандастырылмаған дәнді дақылмен біздің өсімдіктер үшін қауіпті аурулардың қоздырғыштары келуі мүмкін. Кейбір қауіпті ауру түрлері үлкен егіс танаптарын тып-типыл етіп жіберуге қабілетті.

Екіншіден, кез келген тұқымның өнгіштік көрсеткішін әбден зерделеу керек. Көктемгі егіс жұмыстарына дейін әлі уақыт бар. Кейбір фирмалар тауарлық дақылды тұқым деп сатып жіберуі әбден мүмкін. Сондықтан ғалымдардың, зерттеу институттары мен зертханалардың көмегі арқылы дақылдардың бұл қасиетін анықтауға болады. Мәселен былтыр Солтүстік Қазақстан, Қарағанды, Қостанай облыстарында күзгі жаңбырдан астықтың сапасы төмендеп кетті. Диқандар су астықты жинап, оны қолдан кептіруге мәжбүр болды. Бұл дәнді дақылдардың сапасын айтарлықтай кемітті. Жуықта біз өзге бір аймақтан әкелінген тұқымның сапасын тексеріп көрдік. Оның өнгіштік қабілеті 40-60 пайыз аралығында ғана екені белгілі болды. Түсініктірек болуы үшін айтайын, біздің тәжірибелік стансада тұқым өндіру кезінде белгілі бір дақылдың 100-ден 97 пайызы ғана өніп шықса, ол тұқым түрі сыртқа шығарылмайды. Яғни толыққанды өнім беруге қабілетсіз деген сөз. 40-60 пайыз — егілетін егіннің тең жартысынан өнім алынбайды дегенге саяды. Яғни, фермер 100 гектарға егін салса, оның 60 гектарында түк шықпайды. Бұл – ертеңгі күні қып-қызыл шығын, — дейді Н.Жукова.
Маманның сөзінше, Павлодар облысы бойынша Ертіс, Железин, Успен аудандарында биыл ылғалдың мол қоры байқалады. Ал Шарбақты, Аққулы, Павлодар аудандарында керісінше қар аз түскен. Сондықтан былтырғы құрғақшылық кейбір жерлерде қайталануы әбден мүмкін.

«Егер алдағы уақытта ауа райын болжаушылар биылғы жаздың да құрғақ өтетінін болжаса, онда шаруаларға біртіндеп бидай мен арпадан гөрі тамыры тереңге кететін дақыл түрлерін таңдағаны дұрыс. Мысалы күнбағыстың тұқымы тамырын тереңге салады. Біздің станса бұл жағынан шаруаларға ақыл-кеңес бере алады. Кейінгі жылдары әлем бойынша климат өте құбылмалы, соған орай алдағы жаздың қалай өтетітін тап басып айту қиын. Көктемгі тұқым себу шараларын қай мезгілде жүргізу керектігі туралы да ерте бастан айту ойға сыймайды», — деді маман.
«Павлодар ауыл шаруашылығы тәжірибелік стансасы» биыл шаруаларға тұқым сата алмайтыны да белгілі болып отыр. Себебі былтыр 1400 гектар жерге егін салып, ол толығымен құрғақшылық салдарынан күйіп кеткен. Тұрақтандыру қорының арқасында биыл небәрі 1000 гектарға тұқым себіледі деп жоспарланып отыр.

Осы айдарда

Добавить комментарий

Close