Әлеумет және қоғамЖаңалықтар

«Қайрат» Канье Уэст концертіне қатысты мәлімдеме жасады

«Қайрат» футбол клубы Канье Уэсттің Алматыдағы концертіне қатысты әзірге ресми келісім жасалмағанын хабарлады. Клуб стадионда алдағы матчтар жоспарланғанын айтып, концертке дайындық алаңның жағдайына және ойындардың өтуіне әсер етуі мүмкін екенін мәлімдеді.

Алматының «Қайрат» футбол клубы Канье Уэсттің концертіне қатысты әзірге нақты келісім жасалмағанын мәлімдеді. Клубтың айтуынша, концертті ұйымдастырушылар іс-шараның өтетін күні мен оны Орталық стадионда өткізу мәселесін алдын ала келіспеген, дейді Qandastar.kz сайты.

Клуб қазіргі уақытта Қазақстан чемпионаты мен еурокубок аясындағы өз алаңындағы матчтарын дәл осы стадионда өткізіп жатқанын атап өтті. Жоспарға сәйкес, «Қайрат» 8 және 15 тамызда Қазақстан чемпионатының ойындарын өткізеді. Сондай-ақ 11-13 тамыз аралығында команда еурокубоктағы үй кездесуін де осы стадионда ойнауы мүмкін.

Клуб өкілдерінің айтуынша, мұндай көлемдегі концертке дайындық бірнеше күнге созылады. Сахнаны орнату мен кейін бөлшектеу стадион инфрақұрылымына және алаңдағы көгалдың сапасына әсер етіп, ресми матчтарды өткізуге қиындық туғызуы ықтимал.

Осыған байланысты «Қайрат» барлық қажетті келісімдер жасалмайынша, 14 тамызда Канье Уэсттің концерті дәл Орталық стадионда өтеді деп айтуға ерте екенін жеткізді.

Еске салайық, бұған дейін Алматы әкімдігі Канье Уэсттің Қазақстандағы алғашқы концерті өтетінін растаған болатын. Алдын ала ақпарат бойынша, билет сатылымы 20 шілдеде басталады. Концерт әншінің LIVE CONCERT TOUR 2026 әлемдік гастрольдік туры аясында ұйымдастырылмақ.

Back to top button