Қазақстандық боксшылар бүгін Азия чемпионатында күндізгі және кешкі сессияларда рингке шығады. Жекпе-жектер Қазақстан уақытымен таңғы 9:00-де басталып, кешкі сессия 14:00-де жалғасады. Бұл туралы Qandastar.kz сайты Kazinform.kz порталына сілтеме жасап хабарлады.
Күндізгі бағдарламада 65 келіде Лаура Есенкелді үндістандық Анкушита Боромен кездеседі. 50 келіде Санжар Тәшкенбай Вишванаш Сурешке қарсы жұдырықтасады. Сондай-ақ 65 келіде Ертуған Зейнуллинов қырғызстандық Мирзохид Имамназаровпен күш сынасады.
Кешкі сессияда 75 келіде Валентина Хальзова Оңтүстік Корея өкілі Суйеон Сеонгпен жекпе-жек өткізеді. Ал 90 келіден жоғары салмақта Айбек Оралбай Арман Махановпен қолғап түйістіреді.
Сонымен қатар, 60 келідегі Оразбек Асылқұлов жапониялық қарсыласы Шунсуке Китамото жарақатына байланысты жекпе-жекке шықпағандықтан, жартылай финалға тікелей жолдама алды.
Айта кетейік, Азия чемпионаты 10 сәуірге дейін жалғасады.



