2026 жылдың басынан бері Қытайға соққан ең күшті тайфун саналатын «Ноул» 26 шілде күні таңертең Гуандун провинциясының жағалауына жетті. Табиғи апат салдарынан қатты жел соғып, нөсер жаңбыр жауды, деп хабарлайды Qandastar.kz.
Қауіпсіздік шаралары үшін билік 715 мыңнан астам тұрғынды эвакуациялап, аймақтағы жүздеген әуе рейсі мен теміржол қатынасын тоқтатты, деп жазады The Guardian.
Қытай метеорологиялық қызметінің мәліметінше, тайфун жергілікті уақыт бойынша сағат 03:50 шамасында Хуэйдун уезіне жеткен. Оның орталығына жақын аумақта желдің жылдамдығы сағатына 110 шақырымға дейін күшейген.
Құрлыққа қарай жылжыған сайын тайфун әлсірей бастағанымен, Гуандун, Цзянси, Хунань және Фуцзянь провинцияларында алдағы күндері қатты жаңбыр мен дауылды жел сақталуы мүмкін.
Су тасқыны қаупіне байланысты бірнеше өңірде жоғары деңгейдегі қауіп режимі енгізілді. Билік тұрғындарға таулы аймақтарда, өзен маңында, құрылыс алаңдары мен көпірлерге жақын жерлерде сақ болуды ескертті.
Гуандун провинциясында жүздеген мың адам қауіпсіз жерге көшірілді. Сонымен қатар пойыз қозғалысы уақытша тоқтатылды.
Тайфун Гонконгқа да әсер етті. Әуежай әкімшілігі шамамен 350 рейстің кейінге қалдырылғанын немесе тоқтатылғанын хабарлады. Табиғи апат салдарынан кемінде тоғыз адам жарақат алған. Қатты жел көпқабатты ғимараттағы құрылыс орманының бір бөлігін құлатқанымен, бұл оқиғадан зардап шеккендер тіркелмеген.
Тайваньның оңтүстік және шығыс бөліктерінде де жаңбыр жауғанымен, тайфун аралға жетпей бағытын өзгертіп, алыстаған.
«Ноул» — 2026 жылы Қытайға әсер еткен он екінші тропикалық циклон және шілде айындағы үшінші тайфун. Бұған дейінгі «Бави» мен «Майсак» тайфундары елдің оңтүстік және шығыс аймақтарында жаппай эвакуацияға және айтарлықтай шығынға себеп болған.



