2026 жылғы 8 наурызға қараған түні Таяу Шығыс елдерінен Қазақстанға 1,7 мыңнан астам азамат арнайы әуе рейстерімен жеткізілді. Бұл туралы Qandastar.kz сайты Азаматтық авиация комитетіне сілтеме жасап хабарлады.
7 наурыздан 8 наурызға қараған түні Air Astana, SCAT, Flydubai және Air Arabia әуе компаниялары Қазақстанға 11 рейс орындады. Нәтижесінде елге 1 786 жолаушы оралған.
Сонымен қатар 8 наурыз күні де қазақстандық және шетелдік әуе тасымалдаушылар азаматтарды елге қайтару үшін қосымша рейстер орындауды жоспарлап отыр.
Комитет мәліметінше, 3 наурыздан бастап Таяу Шығыс елдерінен Қазақстанға барлығы 37 рейс ұйымдастырылып, 6 254 адам елге жеткізілген. Қазақстан азаматтарын елге қайтару жұмыстары мемлекеттік органдар мен әуе компанияларының үйлесімді әрекеті арқылы жалғасып жатыр.
Бұған дейін Ираннан қанша қазақстандық эвакуацияланғаны туралы ақпарат та жарияланған болатын.



