
Қазақстанда темекі тұтынатын ересектердің саны өткен жылмен салыстырғанда азайды, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.
Бұл туралы Ұлттық статистика бюросының 2026 жылғы қаңтарда жүргізген сауалнамасының қорытындысында айтылды.
Зерттеу нәтижесіне сәйкес, бүгінде ел тұрғындарының 15,1%-ы темекі шегеді.
Бұл 2025 жылғы көрсеткіштен 2,4 пайыздық тармаққа төмен (17,5%).
Сауалнамаға еліміздің барлық өңірі мен Астана, Алматы және Шымкент қалаларынан 15 жастан асқан азаматтар қатысты.
Статистикаға сәйкес, ауыл тұрғындары арасында темекі шегетіндер – 17,8%, ал қалада – 14,0%. Ер адамдардың 30,5%-ы темекі тұтынса, әйелдер арасында бұл көрсеткіш 4,9% болды.
Темекі шегушілердің басым бөлігі – 98,6% кәдімгі өндірістік темекіні пайдаланады. Ал 0,9% темекіні қыздыру құрылғыларын (IQOS, GLO), 0,4% электронды темекіні, 0,1% өзге темекі өнімдерін қолданады.



