Әлеумет және қоғамЖаңалықтар

Жамбыл облысындағы сарбаз өліміне байланысты жаңа дерек шықты

Бас әскери прокуратура Гвардейск гарнизонында қаза тапқан сарбаздың өліміне қатысты қылмыстық істің бір бөлігі бойынша тергеудің аяқталғанын мәлімдеді, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.

Ведомствоның хабарлауынша, әскери бөлімнің рота командиріне қатысты қозғалған іс аясында оның қызметтік міндеттеріне салғырт қарағаны анықталған.

Атап айтқанда, ол жеке құрамның қызметін тиісті деңгейде бақыламаған және әскери қызметшілердің қаруды қолдануына жеткілікті қадағалау жүргізбеген.

Сонымен қатар, тергеу барысында күдіктінің қаза болған сарбаздың қызметтестеріне қатысты билік өкілеттігін асыра пайдаланғаны да белгілі болды.

Жиналған дәлелдемелер негізінде қылмыстық іс қысқа мерзімде аяқталып, сот қарауына жолданды.

Қазіргі уақытта сарбаздың өліміне байланысты өзге де мән-жайларды анықтау бойынша тергеу әрекеттері жалғасуда. Іс Бас әскери прокуратураның ерекше бақылауында.

Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес, алдын ала тергеу деректері жария етуге жатпайды.

Еске сала кетейік, Еркебұлан Рүстемұлы 27 қаңтар күні қарумен жұмыс істеу кезінде алған жарақатынан көз жұмған болатын. Қазіргі уақытта тергеу барысы Бас әскери прокуратураның ерекше бақылауында.

Ұқсас Мақалалар

Back to top button