Жаңалықтар

Құлжадан келген хат

Сәлеметсіздер ме, Қазақстан халқы! Менің атым – Гүлжан (Аты өзгертілді). Мен Құлжа қаласында тұрамын. Жасым 51 де. Менің сіздерге осы жақта (Шыңжаңда) болып жатқан жағдайлар туралы хат жазғым келіп тұр. Бұл хат сіздер жаққа бара ма, жоқ па оны бір Құдай біледі. Бірақ неде болса бағымды сынап көрмекпін. Ұсталсам «Саяси үйренуге» мен де кетемін. Ұсталмасам «үйренуде» оқытушы болып жүре беремін. Неде болса, амандық тілеймін бәріңізге! 1 – Мұнда барлық жүріс-тұрыс, телефон, байланыс жасайтын ортаң барлығы бақылауға алынған. Әсіресе, қазақ бастықтары мен үкімет кадрларының телефондары қатаң бақылауда. (Хатты түсіндірушілердің сөзіне қарағанда, әлеуметтік желілер, ұялы телефондар күнделікті тексеруден өтеді. Онда құран жазулары немесе Қазақстан туралы сөздер мен суреттер болса, қазақы нышандар, ою-өрнектер болса, төте жазумен жазылған қазақша сөздер болса қатаң тексеріліп, «Саяси үйрену» атты концлагерьге жіберіледі екен.) 2-Қазір «туыстандыру» саясаты (Қытаймен туыстасу. Қытайдың үйіне қазақ, қазақтың үйіне қытайды қондыру, бірге ішіп-жеу сынды саясат) алғашқыдай емес, азайып, саябырлап қалды. Бұрын бір айда 15 күн қарсы жақтың (қытайдың) үйінде мемлекет қызметкерлері жатуға міндетті тұғын. Қазір бір айда 2-3 күн ғана. Тіпті кейбірі бармайтын да болды. Тек телефон арқылы хабарласып, хал сұрасып тұрады. Өйткені, мейлі үй тұрғындары болсын, кадырлердің өздері болсын бәрі осындай саяси нұсқаудан әбден мезі болған. Қазақтар болса қытайларға «үйге қонбаңдар» дейді. Кейбірі есік алдынан жолығып, үйге кіргізбей қайтарған. Осыған байланысты халық арасында наразылық арыз-шағымдар көбейді. Бұған дейін әйел қызметкерлерді еркек бар үйге, ер қызметкерлерді әйел бар үйге әдейілеп жіберетін. Тіпті, ауылдан жырақ таудағы малшылардың үйіне дейін барып, қонған ханзулар болды. Қазақ қызметкерлер болса, қынжылғаннан тамақ та ішпей, уақыттары толғанда үйден шығып кететін кездері де болған. Сол қызметкерлердің өзі қазір Шыңжаңның бас хатшысы – Чын Чуаньгоны боқтап отыр. 3 – біз шекара аймаққа жақын қала болсақ та, қазақ пен ұйғырды шекараға жақындатпайды. Себеп – шекара бұзып, Қазақстанға қашып кетуімізден қорқады. 4 – Қазақстанға шыға алатын жалғыз жол бар, ол – Қазақстанда қарызым бар деу. Шетелдегі қарызды қайтарып алып келуге виза ашып береді. Әйтпесе, Қазақстанға шығудың басқалай мүмкіндігі қалмады. Келген хаттың негізгі бөлігі осы. Соңғы жағы жоғалып кетуіне байланысты әрі қарай автордың не айтпақ болғаны белгісіз. Бәлкім «Саяси үйренудегі» қазақтардың ауыр халын баяндаған да болар. Немесе, ұлтты «қытайландыру саясатын» жиілетіп жатқанын баян еткен де болар. Қазірге біздің қолға тигені осы. Ұлт тағдыры қашан да біздің назарда!

Осы айдарда

Добавить комментарий

Close