Әлеумет және қоғамЖаңалықтар

Ер адамдарға гинеколог қызметі көрсетілген: Павлодарда медициналық былық ашылды

Павлодарда денсаулық сақтау саласындағы бірқатар заңбұзушылықтар анықталды.

Қала прокурорлары «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының» қаржысына жүргізілген тексеру кезінде жалған медициналық қызмет көрсету фактілерін анықтады, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.

Тексеру барысында қайтыс болған азаматтарға невропатолог, кардиолог, хирург, психолог секілді дәрігерлердің қабылдауы «көрсетілгені» белгілі болды.

Тіпті ер адамдарға акушер-гинеколог кеңесі жазылған жағдайлар да тіркелген.

Бұдан бөлек, бір емдеу қызметі бірнеше рет рәсімделіп, қосарланған төлем жасалғаны анықталды.

Ал кейбір азаматтар қажетті сертификаты мен рұқсаты жоқ болса да, халыққа медициналық көмек көрсеткен.

Прокуратураның араласуынан кейін заңбұзушылықтарды жою жұмыстары басталып, кінәлілерді жауапқа тарту шаралары қолға алынды.

Қазірдің өзінде мемлекетке келтірілген 100 миллион теңгеден астам шығын өтелді.

Сонымен қатар сотта медицина саласында заңсыз кәсіпкерлікпен айналысып, 62 миллион теңге бюджет қаржысын жымқырды деген күдікпен екі қылмыстық іс қаралып жатыр.

Бұл істер бойынша мемлекетке 41 миллион теңге көлемінде залал келген.

 

Ұқсас Мақалалар

Back to top button