
Яна Легкодимованы өлтіргендер енді «Қара бүркітте» жазасын өтейді, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.
Яна Легкодимованың өліміне қатысты қоғамда үлкен резонанс тудырған іс бойынша өмір бойына сотталғандар жазасын өтеу орнына жеткізілді.
Олар енді елдегі ең қатаң мекемелердің бірі саналатын «Қара бүркіт» түрме колониясында болады.
Бұл ақпаратты ҚР ІІМ Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті растады.
Ведомство мәліметінше, сотталғандар белгіленген тәртіпке сай бас бостандығынан айыру орындарына жіберілген.
Еске салсақ, 23 жастағы Яна Легкодимова 2024 жылдың қазан айында жоғалып кеткен еді. Оның денесі тек 8 айдан кейін, 2025 жылдың жазында Жайық өзенінің жағасынан табылды.
Тергеу деректеріне сәйкес, қызды оның жігіті Ризуан Хайыржанов көліктің ішінде тұншықтырған. Ал оның танысы Алтынбек Катимов Янаның қашып шығуына жол бермеген. Кейін екеуі мәйітті қала сыртына апарып, Талдыкөл ауылы маңындағы Жайық өзеніне тастаған.
Сот барысында күдіктілердің бір-біріне жазған хаттары жарияланып, қылмыстың алдын ала жоспарланғаны белгілі болды.
2025 жылдың қарашасында сот екі айыпталушыны кінәлі деп танып, өмір бойына бас бостандығынан айырды. Сонымен қатар олар 1 млн 955 мың теңге материалдық шығын өтеп, марқұмның туыстарына әрқайсысы 15 млн теңгеден моральдық өтемақы төлеуге міндеттелді.



