
Қазақстанның халық жазушысы, көрнекті ақын Мұхтар Шахановтың өмірден өтер алдындағы соңғы аманаты жарияланды.
Ақынның жары Ханшайым Шаханова Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа жолданған хатты көпшілікке ұсынды, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.
Хатта Мұхтар Шахановтың өз туған топырағы саналатын Отырар өңіріндегі қасиетті Арыстан баб кесенесі маңына жерленуді өсиет еткені айтылған.
«Осындай сын сағатта ақынның ең соңғы әрі маңызды аманаты – өзінің мәңгілік тыныс табатын жері ретінде ата-бабаларымыздың киелі мекені, Отырар өңіріндегі Арыстанбаб кесенесінің іргесіне жерлену.
Аталған нысанның республикалық маңызы бар тарихи-мәдени ескерткіш екенін толық түсінеміз. Осыған байланысты жерлеу және мүмкін болатын мемориалдық белгі орнату жұмыстары Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына, атап айтқанда «Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы» заң талаптарына және музей-қорықтың архитектуралық талаптарына толық сәйкес жүргізілетініне кепілдік береміз»,- делінген хатта.

Сонымен қатар, хат иесі мемлекет тарапынан қолдау көрсетуді сұраған.
«Осыны ескере отырып, Сізден Мұхтар Шахановтың ұлт алдындағы ерен еңбегін, тарихи тұлғасын және халықаралық деңгейдегі беделін назарға алып, оның соңғы аманатының орындалуына мемлекеттік деңгейде қолдау көрсетуіңізді сұраймын.
Ақынның киелі топырақта жерленуі – бұл тек отбасының өтініші ғана емес, бұл ұлттық рухқа, тарихқа және ұлы тұлғаға көрсетілетін зор құрмет деп білеміз. Осы мәселе бойынша тиісті рұқсаттың берілуіне ықпал етіп, сондай-ақ аталған үдерісті, Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі және Түркістан облысының әкімдігімен үйлестіруге тапсырма беруіңізді өтінемін. Бұл — тек Шаханов отбасының ғана емес, ел ағалары мен зиялы қауым өкілдерінің ортақ тілегі. Сіздің әділ шешіміңізге және ұлттық құндылықтарға деген жанашырлығыңызға сенім арта отырып, аталған өтінішке оң шешім қабылданады деп үміттенемін», — делінген хатта.
Еске салайық, Мұхтар Шаханов кеше 84 жасқа қараған шағында өмірден өтті. Оның қазасы қазақ қоғамына ауыр қайғы болып тиді.



