
Жезқазғанда «Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында ауқымды экологиялық шара өтті.
«Қазақмыс» компаниялар тобының кеншілері мен металлургтері қаладағы Наурыз саябағына 150 түп ағаш отырғызды, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.
18 сәуір күні өткен шараға компанияның түрлі кәсіпорындарынан келген қызметкерлер қатысты.
Ұжым болып шұңқыр қазып, көшет отырғызып, алғашқы суару жұмыстарын да бірге атқарды. Ал ағаштарды алдағы уақытта күтіп-баптауды саябақ әкімшілігі өз мойнына алады.
Компания бұл бастама үшін көшеттер мен құнарлы топырақты алдын ала жеткізіп, көгалдандыру жұмысына толық жағдай жасаған.
Айта кетейік, бұл «Қазақмыстың» экология бағытындағы жалғыз шарасы емес. Өткен аптада 700-ге жуық қызметкер сенбілікке шығып, өндірістік аумақтар мен қала көшелерінен 95 тонна қоқыс шығарған.
Соңғы күндері Балқаш, Жезқазған және Сәтбаев қалаларында тазалық жұмыстары жалғасып, Балқаш көлінің жағалауы да қоқыстан тазартылды.
Компания өкілдерінің айтуынша, «Таза Қазақстан» акциясы мен дәстүрлі «Таза бейсенбі» шаралары сәуір-мамыр айларында да тұрақты түрде жалғасады.



