
Ақтөбе облысында лицензиясыз ломбард қызметін жүргізді деген күдікпен азаматқа қатысты тергеу аяқталды, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.
Істі Қаржылық мониторинг агенттігінің өңірлік департаменті жүргізген.
Тергеу мәліметінше, күдікті 2020 жылдан 2025 жылға дейін халыққа тұрмыстық техника мен электрониканы кепілге алып, қарыз берген. Алайда мұндай қызметпен айналысуға қажетті лицензиясы болмаған.
Заңсыз кәсіпті жасыру үшін ол жұмысын комиссиондық дүкен ретінде көрсеткен.
Тергеушілердің айтуынша, қаржыға мұқтаж азаматтарға тәулігіне 3,7%-ға дейін пайыз белгілеген. Бұл заңда рұқсат етілген 0,3% мөлшерлемеден 12 есе жоғары.
Мысалы, клиенттердің бірі 257 мың теңгені 10 күнге рәсімдеп, 51 400 теңге сыйақы төлеген. Ал заң бойынша бұл сома 7 710 теңгеден аспауы тиіс еді.
Алдын ала есеп бойынша, заңсыз жолмен алынған табыс 93 млн теңгеден асқан.
Сот санкциясымен күдіктінің үш автокөлігі мен пәтеріне тыйым салынды. Оған елден шықпау туралы бұлтартпау шарасы қолданылған.
Қылмыстық іс сотқа жолданды.
Мамандар азаматтарға кепілмен қарыз беретін ұйымдардың лицензиясын міндетті түрде тексеруге кеңес береді. Заңсыз қаржы ұйымдарына жүгіну мүлік пен қаражаттан айырылу қаупін күшейтеді.



