Жаңалықтар

Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің ғимараттары жекешеленіп жатыр: студенттер наразылық білдіруде

Фото: Жаңа адамдар

Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті — еліміздегі ең көне және жетекші жоғары оқу орындарының бірі. Мыңдаған студент білім алатын бұл университеттің бұрынғы жатақханалары мен оқу корпустары бүгінде коммерциялық нысандарға айналуда. Атап айтқанда, агрономия факультетінің жатақханасы лаунж-барға, зооинженерия корпусы караоке-клубқа, ал ветеринария факультетінің зертханалық ғимараттары кеңселерге айналып кеткен, деп жазады qandastar.kz

Осыған дейін, 3 тамыз күні, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы әкімі Дархан Сатыбалдымен кездесуде қаланың жоғарғы бөлігінде көпқабатты тұрғын үй кешендерін салуға және нүктелік құрылысқа мораторий енгізуді тапсырған еді. Соған қарамастан, университет әкімшілігі RAMS құрылыс компаниясына оқу ордасының аумағында тұрғын үй кешенін тұрғызуға рұқсат берген.

«Аграркаполия»: студенттердің арт-нысаны қоғамның наразылығын бейнелейді

Орын алып жатқан жағдайға бей-жай қарамаған «Жаңа адамдар» қозғалысының белсенділері бұл процесті «Монополия» ойынымен салыстырады — бірақ бұл жерде сауда нысаны ретінде оқу орындары мен студенттердің болашағы тұр. Олар университеттің бас ғимараты алдында арт-нысан ретінде «Аграркаполия» атты алып үстел ойынын орнатып, қоғам назарын осы мәселеге аударуға тырысты. Бұл инсталляцияда университет ғимараттары саудаға салынып, білім беру емес, қаржылық пайда басты орынға шыққанын бейнелейді.

Аталған шараға қатысқан студенттер мен қала тұрғындары өз пікірлерін ашық білдіріп, оқу орнының коммерциялануына қарсы екендерін жеткізді.

Университет басшылығынан нақты жауап жоқ

Журналистер мен қоғам белсенділері бірнеше рет университет ректоры Ахылбек Кажигуловичтен жауап алуға тырысқанымен, үш жылдық қызметінде ол оқу ғимараттарының студенттерге қайтарылу мерзімдері туралы нақты ақпарат берген жоқ.

Осыған байланысты белсенділер ректормен жеке кездесу ұйымдастыруға тырысты. Олар өздері әзірлеген «Халық Қаһары» атты халықтық антижүлдені табыстауға барғанымен, ректор жұмыс орнында болмаған. Оның әріптестері бұл «сыйлықты» қабылдаудан бас тартса да, белсенділер марапатты ректордың жеке кабинетіне қалдырды.

«Жаңа адамдардың» өкілі Сарсенов Алихан пікір білдірді:

«Оқу орындарының ғимараттарын мақсатсыз, пайда үшін жекешелендіру — сапалы білімнен гөрі табысты жоғары қоюдың нақты көрінісі. Бұл процесте тек сатып алушылар ғана емес, құрылыс компаниялары мен жеке тұлғалар да толық жауапкершілік арқалауы тиіс. Әр ғимараттың саудаға түсуі — бұл тек мәміле емес, ол студенттердің болашағына жасалған қауіп. Ахылбек мырза, сізден нақты жауап күтеміз. Бұл мәселе бойынша үнсіз қалмаймыз және жауапкершілікті әр тараптан талап етуге дайынбыз».

Back to top button