ДенсаулықЖаңалықтар

Ғалымдар инсульт алу қаупін 61 пайызға дейін арттыратын факторды анықтады

Адамның балалық шағында бастан өткерген психологиялық күйзелістер оның денсаулығына тек сол кезде ғана емес, ондаған жылдардан кейін де салдарын тигізуі мүмкін. Канада мен АҚШ ғалымдары жариялаған жаңа зерттеу осының айқын дәлелі болды. Ғалымдардың жаңалығы PLOS One журналында жарық көрді, деп хабарлайды qandastar.kz сайты.

Зерттеуде АҚШ-тың Ауруларды бақылау және алдын алу орталығы (CDC) жүргізетін ірі сауалнама — Behavioral Risk Factor Surveillance System деректері пайдаланылған. 2022 жылғы мәліметтерді қамтыған бұл зерттеуге сегіз штаттан жиналған 65 жастан асқан 13 мыңнан астам респондент қатысқан.

Ғалымдар балалық шақтағы физикалық немесе сексуалдық зорлықты бастан кешкендерді арнайы шығарып тастап, тек ата-анасының ажырасу әсерін жеке бағалауға тырысқан. Талдау күтпеген нәтижені көрсетті: ата-анасы ажырасқан адамдарда инсульт даму қаупі 61 пайызға жоғары болып шыққан. Бұл көрсеткіш кейбір медициналық факторлармен салыстыруға келеді, мысалы, диабет инсульт қаупін 37 пайызға, ал депрессия 76 пайызға арттырады.

Зерттеушілер мұндай байланысты балалық шақтағы ұзақ мерзімді күйзеліс жағдайларымен түсіндіреді. Ажырасу кезінде бала көбіне отбасындағы келіспеушіліктерге, тұрмыстық қиындықтарға, болашаққа деген сенімсіздікке тап болуы мүмкін. Осындай жағдайлар стресс гормондарының қызметін реттейтін гипоталамо-гипофизарлық жүйеге теріс әсер етіп, жүрек-қан тамырлары ауруларының даму қаупін ұзақ жылдарға ұлғайтады.

Инсульт – әлем бойынша өлім-жітім мен мүгедектіктің негізгі себептерінің бірі. Қазіргі уақытта мамандар қауіп факторларын тек ересек адамдардың өмір салтымен байланыстырмай, адамның ерте жастағы психологиялық тәжірибелеріне де көбірек назар аударып келеді. Бұған зорлық, қараусыз қалу, отбасылық жанжалдар сияқты факторлар бұрыннан белгілі. Алайда ата-анасының ажырасуының жеке әсері ұзақ уақыт бойы ауыр психологиялық жарақаттармен бірге қарастырылып, жеке зерттелмеген еді.

Ұқсас Мақалалар

Back to top button