Олжас Бектенов Инвестициялық ахуалды жақсарту жөніндегі кеңестің отырысын өткізді, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.
Оның жұмысына жаңадан тағайындалған АҚШ-тың Қазақстандағы елшісі Джули Стаффт, сондай-ақ халықаралық компаниялар мен іскер қоғамдастықтың өкілдері және ҚР мемлекеттік органдарының басшылығы қатысты.
Отырыста 19 ақпанда Вашингтонда өткен Бейбітшілік кеңесінің алғашқы отырысының ерекшелігіне назар аударылды.
«Кеше Мемлекет басшысы Бейбітшілік кеңесінің бірінші отырысына қатысып, АҚШ Президенті Дональд Трамптың Таяу Шығыстағы жағдайды тұрақтандыруға бағытталған бастамасына қолдау білдірді. Қазақстан Газаны қалпына келтіру үдерістеріне қатысуға мүдделі. Америка Құрама Штаттарымен қарым-қатынастардың орнықты дамуы Қазақстанның сыртқы саясатының негізгі бағыттарының бірі болып қала береді», — деп атап өтті Премьер-министр.
«Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Вашингтонда жаһандық аренада сөйлеген сөзі әсерлі болды. Біз бүгінгі таңда жоғары деңгейде орныққан екіжақты қарым-қатынастарымыздың одан әрі кеңеюін күтеміз. Коммерциялық ынтымақтастығымыз 2025 жылы рекордтық көрсеткішке жетті. Тек 2025 жылдың 4-тоқсанының өзінде қазақстандық және америкалық компаниялар арасындағы мәмілелер көлемі $17 млрд-қа жетті. Бұл нәтижелер біздің көзқарасымыздың бір екенін және екі елдің экономикалық өсімін көрсетеді, оның игілігін халқымыз көрмек, сонымен бірге өзара қарым-қатынасымыз нығая түседі», — деді АҚШ-тың Қазақстандағы елшісі Джули М. Стаффт.



