Әлеумет және қоғамЖаңалықтар

Үкімет жастарға арналған жалға берілетін баспана жобасын жапты

Қазақстанда жұмыс істейтін жастарға арналған жалға берілетін тұрғын үй бағдарламасы тоқтатылды, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.

Бұл туралы Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева әлеуметтік желідегі парақшасында мәлімдеді.

Вице-премьердің айтуынша, аталған жоба ірі мегаполистерде – Астана, Алматы және Шымкент қалаларында жүзеге асырылған.

Бағдарламаның негізгі мақсаты – жас мамандарды уақытша қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету және олардың болашақта жеке тұрғын үй сатып алуына қаржылық мүмкіндік жасау болған.

Жоба аясында жалдау ақысы айына 5 мыңнан 15 мың теңгеге дейін белгіленіп, 10 мыңнан астам жас қазақстандық қамтылған.

Тұрғын үйлер келісімшарт негізінде беріліп, оның талаптары кезең-кезеңімен нақтыланған.

Алайда бағдарламада пәтерді сатып алу мүмкіндігі қарастырылмаған. Осыған байланысты кейбір қатысушылар тарапынан тұрғын үйді жекешелендіру туралы ұсыныстар болған.

«Бұл бағдарлама Астана, Алматы және Шымкент қалаларында жұмыс істейді. Оның нақты мақсаты – белгілі бір мерзімге жас мамандарға қолжетімді баспана беру, сондай-ақ өз үйін сатып алу үшін бастапқы жарнаға қаражат жинауына ықпал ету. Ай сайынғы жалдау ақысы өте қолжетімді – 5000 теңге мен 15 000 теңге аралығында болды.

Бағдарлама 10 мыңнан астам жас қазақстандықты қамтыды. Бағдарлама шарттары бастапқыда келісімшарт арқылы бекітіліп, кезеңдер бойынша параметрлер нақтыланды. Соның ішінде тұрғын үй беру мерзімі өзгерді. Бұл ретте негізгі қағидат өзгеріссіз қалды: яғни, тұрғын үй сатып алу құқығынсыз жалға берілді.

Бұл ретте кейбір азаматтардың пәтерді өздерінде қалдыруға ниет білдіргенін жақсы түсінеміз.

Алайда мемлекеттік шешімдер Заңға және барлығына бірдей ережелерге негізделуі керек. Егер келісімшартта, ережелерде сатып алу қарастырылмаған болса, онда оны өзгерту – басқа азаматтар мен қатысушылар үшін әділетсіздік болар еді», – дейді Аида Балаева.

Министрдің сөзінше, мемлекеттік бағдарламаларды іске асыруда белгіленген талаптар мен заңнамалық нормаларды сақтау басты қағидат болып қала береді.

Ұқсас Мақалалар

Back to top button