
«Жомарт» кенішінде өндірістік қауіпсіздікті арттыру және өткен жылғы оқиға салдарын толық жою мақсатында кешенді жұмыстар жүйелі түрде жалғасып жатыр, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.
Аталған нысанда «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС Басқарма төрағасы Руслан Өскенәлі, ҚР Төтенше жағдайлар вице-министрі Ерболат Садырбаев және ТЖМ Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің төрағасы Рашид Дубаевтың қатысуымен жұмыс сапары өтті.
Сапар барысында тараптар апаттан кейінгі қалпына келтіру шараларының нәтижелерін және өнеркәсіптік қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған жүйелі жұмыстың жүзеге асу барысын талқылады.
Сонымен қатар кеніштің қазіргі аэрогаздық жағдайы мен мониторинг жүйелерінің тиімділігі таныстырылды.
Қауіпсіздікті арттыру мақсатында мамандандырылған ұйымдардың қатысуымен ауқымды ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізілді. Бұрын қауіпті деп танылған аумақтарда газсыздандыру шаралары толық орындалды. Сонымен бірге тау-кен жұмыстарын қауіпсіз жүргізуге арналған жол картасы әзірленіп, кезең-кезеңімен енгізілуде.
Кеніштің желдету инфрақұрылымын жаңғырту жұмыстары жалғасып, тәулік бойы жүргізілетін аэрогаздық бақылау күшейтілді. Қосымша зерттеулер негізінде өндірістік процестердің параметрлерін түзету шаралары да қарастырылған.
Сондай-ақ кәсіпорында техникалық жарақтандыруды жаңарту, персоналды позициялау және апаттық хабарлау жүйелерін жетілдіру бағытында ұйымдастырушылық-техникалық шаралар іске асуда. Мемлекеттік бақылау органдарының қатысуымен тұрақты тексерістер жүргізіліп келеді.
Жүргізіліп жатқан барлық жұмыстар бекітілген жоспарға сәйкес орындалып, тұрақты бақылауда. Компания еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз етуді және өндірістік тәуекелдердің алдын алуды басты басымдық ретінде айқындап отыр.



