Әлеумет және қоғамЖаңалықтар

Өндірістегі тәуекелді азайту: «Қазақмыс» жаңа оқу бағдарламасын енгізді

«Қазақмыс» корпорациясында Қауіпсіздік жылы аясында өндірістік қауіпсіздік бойынша жаңа оқыту бағдарламасы іске қосылды.

«QauipsizdikStart» (QStart) атты кіріспе курс қызметкерлердің еңбек қауіпсіздігі саласындағы білімін жүйелеуге және қауіпсіздік мәдениетін күшейтуге бағытталған, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.

Бағдарлама компанияның еңбекті қорғау стратегиясына және қызметкерлерді оқыту мен олардың білімін бағалауға арналған ішкі тұжырымдамаға сәйкес әзірленген.

Алғашқы кезең Балқаш қаласындағы Кадр даярлау және қайта даярлау орталығы базасында басталды.

Оқу бағдарламасын орталықтың Балқаш және Сәтбаев қалаларындағы мамандары арнайы дайындаған.

Курс офлайн форматта өтеді және 8 сағатқа созылады.

Оқу қорытынды тестілеумен аяқталады.

Бағдарлама аясында қызметкерлер өмірді сақтайтын ережелерді (Life Saving Rules), қауіп-қатерді анықтау мен тәуекелдерді бағалауды, қауіптілігі жоғары жұмыстарға рұқсат беру тәртібін, техника мен көлік құралдарын қауіпсіз пайдалануды, жеке қорғаныс құралдарын қолдануды, сондай-ақ төтенше жағдай кезіндегі іс-қимыл алгоритмдерін меңгереді.

Оқыту барысында әр жұмыскердің қауіпсіздікке қатысты жеке жауапкершілігін қалыптастыруға ерекше мән берілген.

Сонымен қатар, адам өмірі мен денсаулығына қауіп төнген жағдайда жұмысты тоқтату құқығы да түсіндіріледі.

Бағдарламаның ерекшелігі – нақты өндірістік кейстерді талдау және ішкі сараптамалық тәжірибені қолдану.

Қазіргі уақытта курс аясында 36 қызметкер оқытудан өтті.

Жақын күндері тағы 55 адамды қамту жоспарланып отыр.

Жалпы, бағдарлама компанияның негізгі өндірістік персоналын кезең-кезеңімен толық оқытуды көздейді.

Жоба өндірістегі жарақаттану деңгейін төмендетуге, жазатайым оқиғалардың алдын алуға және барлық бөлімшелерде қауіпсіздік мәдениетін жүйелі түрде дамытуға бағытталған.

Ұқсас Мақалалар

Back to top button