
Қырғыз Республикасында балалардың құқықтарына қарсы ауыр қылмыстар бойынша екі азамат сотталды, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.
Бұл туралы Қырғыз Республикасының мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитеті мәлімдеді.
Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетінің мәліметінше, күдіктілер балаларға қатысты азғындық әрекеттер жасаған.
Ресми мәліметке сәйкес, қылмыстық іс 2024 жылдың қыркүйегінде қозғалған.
Тергеу барысында Қазақстан азаматы мен Қырғызстан тұрғыны заңсыз әрекеттерге қатысы бар деген күдікпен ұсталған.
Тергеу деректеріне сай, күдіктілер бірнеше баланы заңсыз жолмен иемденіп, олардың құқықтарын өрескел бұзған. Сонымен қатар шетелдік азаматпен байланыс орнатқаны анықталған.
«Балаларға қатысты азғындық әрекеттер мен діни рәсімдер жасаған, балалардың жалаңаш денесін суретке түсіріп, елден тыс жерде тұратын үшінші тұлғаларға жіберген», — делінген мәлімдемеде.
Құзырлы органның хабарлауынша, аталған факті бойынша қосымша тергеу амалдары жүргізіліп, қылмысқа қатысы бар өзге тұлғаларды анықтау жұмыстары жалғасуда.
2025 жылғы 12 наурызда сот үкімімен Қазақстан азаматы 12 жылға, ал Қырғызстан азаматы 11 жылға бас бостандығынан айырылды. Сонымен қатар соңғысының мүлкі тәркіленді.



