
Павлодарда той үшін алған несиесін өтей алмаған әйел ақыры банкрот деп танылды.
Оның әртүрлі банктер алдындағы қарызы 6,3 млн теңгеден асқан, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.
Әйел бұл несиені 2019 жылы отбасындағы той-томалаққа жұмсаған.
Бастапқыда төлемдерді уақытында жасап келгенімен, кейін қаржылық жағдайы қиындап, қарызын жаба алмаған.
Сотқа жүгінген кезде оның тұрақты табысы болмаған, ал асырауында екі кәмелетке толмаған баласы бар екені анықталды.
Алғашқы сот оны банкрот деп танудан бас тартқан. Алайда әйел бұл шешіммен келіспей, апелляцияға жүгінеді.
Істі қайта қараған сот алқасы бірқатар маңызды жайттарды ескерді: қарыз көлемі заңда белгіленген шектен асып кеткен, бірнеше банкке берешегі бар, ал төлемдер 12 айдан астам уақыт бойы жүргізілмеген. Сонымен қатар, бұған дейін банкроттық рәсімі қолданылмаған.
Несие берген тараптар әйелді әдейі қарыз алып, кейін банкрот болуды жоспарлаған болуы мүмкін деген уәж айтқан. Бірақ сот бұл пікірді растайтын дәлел таппады.
Нәтижесінде, сот әйелдің қаржылық жағдайының нашарлауы объективті себептерге байланысты болғанын ескеріп, оны ресми түрде банкрот деп таныды.



