
Ақтөбеде жол-көлік оқиғасы кезінде жүкті әйелге көмек көрсеткен жедел жәрдем қызметкерлері марапатталды, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.
Айта кетері, 26 наурыз күні Ақтөбеде 39 апта жүктілігі бар әйелді ауруханаға жеткізіп бара жатқан жедел жәрдем көлігі аударылған.
Жол апаты салдарынан науқас жабық бас-ми жарақатын және ми шайқалуын алған.
Ол шұғыл түрде Ақтөбе көпсалалы облыстық ауруханасына жеткізіліп, дәрігерлердің бақылауымен аман-есен қызды дүниеге әкелген. Бүгінде ана мен бала денсаулығы тұрақты.
«Ақтөбе облысында наурыз айында болған жедел жәрдем көлігі қатысқан жол-көлік оқиғасы кезінде өз қызметтерін жоғары деңгейде атқарған медицина қызметкерлері марапатталды.
Әлихан Қамбарұлы, Гүлназым Советқызы және Бақытжан Кенесұлы кәсіби шеберлігі мен жауапкершілігі үшін ерекше алғысқа ие болды», — деп хабарлады денсаулық сақтау басқармасы.
Дәрігерлерге Алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар табысталды.
Бақытжан Бабаев жүргізуші ретінде 2020 жылғы 5 қарашадан бастап еңбек етеді, Гүлназым Алпысбаева 2025 жылғы 16 шілдеден бастап жұмыс істейді, ал Алихан Улжабаев 2022 жылғы 28 қыркүйектен бастап қызмет атқарып келе жатқан 1-курс резиденті.



