
Павлодар облысында медицина қызметкерлеріне қатысты зорлық-зомбылық фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Оқиға Екібастұз қаласындағы ауруханалардың бірінің жедел жәрдем бөлімінде болған, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.
Алдын ала мәліметтерге сәйкес, 12 сәуір күні таңертең мас күйдегі жергілікті тұрғын екі досымен бірге медициналық көмекке жүгінген.
Алайда серіктері арандатушылық танытып, дәрігердің ескертулеріне агрессивті жауап берген. Бөлмеден шығудан бас тартқан олар медицина қызметкеріне қол көтерген. Оқиғаға араласқан медбике де соққы алып, жарақат алған.
Зардап шеккен екі медицина қызметкері ауруханаға жатқызылды. Оқиға орнына жедел жеткен полиция үш күдіктіні де ұстады: екеуі уақытша ұстау изоляторына қамалса, үшіншісі арнайы палатаға орналастырылып, полиция бақылауына алынған.
Павлодар облыстық полиция департаментінің мәліметінше, аталған дерек бойынша қылмыстық іс тергелуде.
Айта кетейік, 2026 жылғы 7 наурыздан бастап Қазақстанда медицина қызметкерлерін қорғауға бағытталған қатаң заңнамалық өзгерістер күшіне енген. Жаңа талаптарға сәйкес, дәрігерлерге, фельдшерлерге және жедел жәрдем жүргізушілеріне шабуыл жасағандар 12 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Құқық қорғау органдары Қылмыстық кодекстің 380-3-бабын белсенді түрде қолдануда.
Полиция мұндай оқиғаларға қатысты «мүлдем төзбеушілік» қағидатын ұстанатынын мәлімдеді. Төтенше және медициналық қызмет өкілдеріне қарсы кез келген агрессия қатаң жазаланады.



