
Теміртау қаласында Qarmet University алаңында биіктікте қауіпсіз жұмыс істеу дағдыларын жетілдіруге арналған арнайы эстафета ұйымдастырылды, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.
Іс-шараға ірі өнеркәсіптік кәсіпорындардың бес командасы қатысты.
Атап айтқанда, «Қазақмыс корпорациясы» кеншілері, «Kazakhmys Smelting» металлургтері, Qarmet жөндеу-монтаждау зауыты, Qarmet Service және «РемЭкология» мердігер ұйымы өзара тәжірибе алмасты.
Әр команда бес қатысушыдан құралды.
Бағдарлама теориялық және практикалық кезеңдерді қамтып, қатысушылардың еңбекті қорғау талаптарын білу деңгейі мен нақты өндірістік жағдайға жақын ортадағы қауіпсіз жұмыс дағдылары сыналды.
«Бүгін Дүниежүзілік еңбекті қорғау күні қарсаңында Qarmet University алаңында биіктікте қауіпсіз жұмыс істеу бойынша эстафета өтті. Іс-шараның басты мақсаты – тәжірибе алмасу және ведомствоаралық ынтымақтастықты дамыту. Біз әріптестерімізбен тәжірибе алмасуға және өзіміз үшін жаңа дағды үйренуге дайынбыз. Мұндай іс-шаралар тұрақты қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыруға, кәсіби құзырет деңгейін арттыруға және кәсіпорындар арасындағы өзара іс-қимылды нығайтуға ықпал етеді», – деді Qarmet компаниясы Болат департаментінің қауіпсіздік және еңбекті қорғау жөніндегі директоры Бауыржан Әлжанов.
Практикалық кезең арнайы жабдықталған полигонда, білікті сарапшылардың бақылауымен өтті. Бұл қатысушылардың кәсіби деңгейін жан-жақты бағалауға мүмкіндік берді.
Эстафета бәсекелестік форматта өткізілмеді – негізгі назар тәжірибе алмасу мен қауіпсіздік мәдениетін нығайтуға аударылды. Барлық қатысушыларға естелік сыйлықтар табысталды.
«Іс-шараның басты мақсаты – тәжірибе алмасу және қауіпсіздік мәселесінде бәсекелестік болмайтынын тағы бір мәрте атап өту болды. Qarmet те, Kazakhmys та Қазақстанның тау-кен металлургия кешенінде жұмыс істейді, сондықтан саланы қауіпсіз ету – біздің ортақ миссиямыз. Бұл осындай іс-шараларда айқын көрінеді. Шақырғандарыңызға және биіктікте қауіпсіз жұмыс істеу бойынша тәжірибемізбен, білімімізбен және құралдарымызбен бөлісуге мүмкіндік бергендеріңіз үшін алғыс айтамыз. Бірлескен жұмысымыз алдағы уақытта жалғасын табатынына сенімдімін», – деп атап өтті «Қазақмыс корпорациясы» Еңбекті қорғау департаменті тәуекелдерді басқару бөлімінің басшысы Владимир Саламатин.
Іс-шара өндірістік қауіпсіздік ірі кәсіпорындар үшін басты құндылық болып қала беретінін тағы бір мәрте көрсетті. Қауіпсіздік мәдениеті тек талаптарды орындаумен шектелмей, әр қызметкердің жеке жауапкершілігі, тұрақты оқыту және тәжірибе алмасу арқылы қалыптасатыны атап өтілді.
Осындай бастамалар өндірістегі тәуекелдерді азайтып, қызметкерлердің өмірі мен денсаулығын қорғауға бағытталған тұрақты әрі сенімді жұмыс ортасын қалыптастыруға ықпал етеді.



