
«Қазақмыс» корпорациясы Қауіпсіздік жылы аясында өндірістегі еңбек жағдайын жақсартуға бағытталған жаңа жобаны іске асыруда.
«Нұрқазған» кенішінде жүк тиеу-түсіру конвейерінің операторларына арналған арнайы қорғаныс кабина-капсуласы сынақтан сәтті өтті, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.
Жоба солтүстік порталдың өндірістік алаңында жүзеге асырылып, жұмысшылардың қауіпсіздігін арттыруға және өндірістік тәуекелдерді азайтуға бағытталды.
Арнайы кабина сыртқы өндірістік әсерлерден сенімді қорғайды. Ол шаң мен шуды азайтып, тау-кен массасы кесектерінің құлауынан болатын қауіптің алдын алады. Сонымен қатар, толық оқшауланған құрылым операторларға респираторсыз жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Бұл тыныс алу органдарына түсетін салмақты азайтып, ауысым кезіндегі жайлылықты арттырады.
Сынақ нәтижесінде жарақат алу қаупінің төмендегені және санитарлық-гигиеналық жағдайдың жақсарғаны анықталды. Мамандардың айтуынша, жаңа шешім нақты өндірістік ортада өзінің тиімділігін дәлелдеген.
Енді мұндай қорғаныс кабиналарын кәсіпорынның басқа учаскелеріне де кезең-кезеңімен енгізу жоспарланып отыр.
«Қазақмыс» үшін өнеркәсіптік қауіпсіздік – тек технология емес, ең алдымен адам денсаулығы мен өміріне деген қамқорлық.



