Қазақстандық продюсер әрі актриса Баян Алагөзова Instagram парақшасында “Қыз Жібек” фильмінде Меруерт Өтекешова киген камзолға қатысты туындаған пікірталас жөнінде ойын білдірді, деп хабарлайды Qandastar.kz сайты KAZ.NUR.KZ порталына сілтеме жасап.
Ол бұл камзолдың ұзақ жылдар бойы ешкімнің назарында болмағанын айтып, оның арнайы сақталмай келгеніне таңданыс білдірді. Продюсердің сөзінше, тарихи бұйымды кезінде бір адам үйінде сақтап келген және кейін оны сенімді адамға тапсырған.
Алагөзова камзолдың ресми құжаттармен тіркелмегенін, оның нақты иесі жөнінде даулы жағдай бар екенін атап өтті. Сол себепті ол бұл жәдігерді мәдени құндылық ретінде насихаттауды жоспарлап отырғанын айтты: көшірмелер жасау, цифрлық форматта көрсету немесе мұражайға беру сияқты идеяларын бөлісті.
Сонымен қатар ол болашақта бұл камзолды көпшілікке таныстыру арқылы Гүлфайрус Ысмайылова жасаған еңбекті дәріптеуге ниетті екенін жеткізді.



