
Ақтөбе облысында танысын өлтіріп, кейін мәйітін жол сөмкесіне салып қоқыс контейнеріне тастаған ер адамға сот үкімі шықты, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.
Сот мәліметінше, оқиға барысында сотталушы мен жәбірленуші бірге алкогольдік ішімдік ішкен.
Мас күйде араларында жанжал туындап, күдікті жәбірленушінің кеуде тұсына бірнеше рет пышақ жарақатын салған. Ер адам оқиға орнында көз жұмған.
Тергеу барысында анықталғандай, күдікті қылмыстың ізін жасыру мақсатында мәйітті жол сөмкесіне салып, оны қоқыс контейнеріне апарып тастаған.
Сотталушы кінәсін ішінара мойындаған. Сонымен қатар ол жасаған қылмысы туралы полицияға өзі барып хабарлаған.
Сот үкімімен ол Қылмыстық кодекстің 99-бабының 1-бөлігі (адам өлтіру) бойынша кінәлі деп танылып, 14 жылға бас бостандығынан айырылды.
Әзірге сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.



