Астанада World Business Consulting қаржы пирамидасының құрылымдық бөлімшесін ұйымдастыру және оған жетекшілік ету ісі бойынша тергеу аяқталды. Бұл туралы Qandastar.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Қаржы мониторингі агенттігінің мәліметінше, күдікті 2020 жылдан бастап азаматтарды жоғары табысқа уәде берілген инвестициялық бағдарламаларға қатысуға шақырып, олардан қаражат жинаған.
Тергеу барысында компанияның инвестициялық қызметті жүзеге асыруға қажетті лицензиясы болмағаны және іс жүзінде ешқандай заңды инвестициялық операциялар жүргізбегені анықталды. Сондай-ақ азаматтардан қаражат бухгалтерлік құжаттар рәсімделместен қолма-қол қабылданған.
Заңды ұйым ретінде көріну үшін салымшыларға арнайы онлайн-платформада жеке кабинеттер ашылып, онда шындыққа сәйкес келмейтін табыс көрсеткіштері жарияланып отырған.
Тергеу деректеріне сәйкес, ұйымдастырушылар бес күн ішінде 50 пайызға дейін пайда табуға болатынын айтып, азаматтарды қаржы салуға көндірген. Нәтижесінде олардан шамамен 700 миллион теңге жиналған.
Салымшыларға төленген қаражат жаңа қатысушылардың ақшасы есебінен беріліп отырған. Бұл қаржы пирамидасына тән классикалық схема болған.
Жаңа қатысушыларды тарту үшін түрлі таныстырылымдар, жарнамалық науқандар ұйымдастырылып, әлеуетті инвесторларға Біріккен Араб Әмірліктері мен Түркияға сапарлар ұсынылған.
ҚМА мәліметінше, құқық қорғау органдарының жедел әрекетінің нәтижесінде заңсыз схема бастапқы кезеңінде тоқтатылған.
2024 жылы күдікті халықаралық іздеуге жарияланып, сот оны сырттай қамауға алу туралы шешім шығарған. Кейін, 2026 жылдың қаңтарында ол Грузия аумағында ұсталып, Қазақстанға экстрадицияланған.
Сот санкциясымен күдіктіге тиесілі жер учаскесіне тәркілеу шарасы қолданылды. Сонымен қатар бұл қылмыстық топтың бірнеше мүшесі бұған дейін сот үкімімен бас бостандығынан айырылған.
Қазіргі уақытта қылмыстық іс мәні бойынша қарау үшін сотқа жолданды.



