Қазақстан Ұлттық банкінің төрағасы Тимур Сүлейменов бірыңғай QR төлем жүйесі енгізілгеннен кейін кәсіпкерлердің банк картасымен төлем қабылдаудан бас тартуына негіз жоқ екенін мәлімдеді, дейді Qandastar.kz.
Оның айтуынша, мұндай шешім бизнес үшін тиімсіз, өйткені барлық тұтынушы QR арқылы төлем жасай бермейді. Сондықтан кәсіпкерлер картамен де, QR арқылы да төлем қабылдауды жалғастырғаны тиімді.
«Егер дүкенде карта мен QR төлемдерін қабылдайтын құрылғылар болса, оларды өшірудің қажеті жоқ. Картамен төлем қабылдаудан бас тартсаңыз, кейбір клиенттерден айырылып қалуыңыз мүмкін», – деді Тимур Сүлейменов.
Сонымен қатар Ұлттық банк басшысы заңнамаға сәйкес бірыңғай QR арқылы жасалған төлемдер үшін алынатын комиссия мөлшері банк карталары бойынша комиссиядан жоғары болмауы тиіс екенін еске салды. Осыған байланысты кәсіпкерлер үшін төлемнің қай тәсілмен жасалғанының айтарлықтай айырмашылығы болмайды.
Еске салайық, Қазақстанда бірыңғай QR арқылы төлем жасау жүйесі 19 шілдеден бастап қолданысқа енгізіледі.



