Әлем жаңалықтарыЖаңалықтар

Венесуэладағы қос жер сілкінісінен қаза тапқандар саны 5 мыңнан асты

Венесуэлада болған магнитудасы 7,2 және 7,5 балдық екі жер сілкінісінен 5069 адам қаза тауып, мыңдаған тұрғын зардап шекті. Табиғи апат салдарынан жүздеген ғимарат қирап, мыңдаған адам баспанасыз қалды. Қазір елде құтқару және қалпына келтіру жұмыстары жалғасып жатыр.

Венесуэлада болған екі ірі жер сілкінісінен қаза тапқандар саны 5069 адамға жетті. Бұл туралы елдің Ұлттық ассамблеясының төрағасы Хорхе Родригес мәлімдеді, деп хабарлайды Qandastar.kz ақпарат агенттігі.

Соңғы деректерге сәйкес, табиғи апат салдарынан 16 740 адам жарақат алып, 17 907 тұрғын баспанасыз қалған. Құтқару жұмыстары кезінде 6462 адам табылып, 37 мыңға жуық зардап шегушіге медициналық көмек көрсетілген.

Зілзала салдарынан 190 ғимарат толығымен қирап, тағы 856 нысан қатты зақымданған.

Мамандардың мәліметінше, 24 маусым күні магнитудасы 7,2 балдық алғашқы жер сілкінісі тіркелген. Арада бір минутқа жетпей магнитудасы 7,5 балдық екінші дүмпу болған. Бұл құбылыс «сейсмикалық дублет» деп аталады. Жер сілкіністерінің ошағы Кариб теңізі жағалауындағы Морон қаласы маңында орналасқан.

Билік өкілдерінің айтуынша, қаза болғандардың көпшілігі жағалау аймақтарының тұрғындары. Мыңдаған адам уақытша лагерьлерде тұрып жатыр, алайда кейбір жерлерде ауызсу мен санитарлық жағдай жеткіліксіз.

Зілзала салдарын жою үшін Венесуэла билігі Халықаралық валюта қорындағы өз қаражатынан 346 миллион доллар бөлген. Сонымен қатар елде жеті күндік ұлттық аза тұту жарияланған.

Ұқсас Мақалалар

Back to top button