Әлеумет және қоғамЖаңалықтар

Иран АҚШ-тың атысты тоқтату туралы ұсынысынан бас тартты

Иран АҚШ президенті Дональд Трамп ұсынған уақытша бітім бастамасын қабылдамады. Тегеран мұндай келісім Ормуз бұғазына қатысты негізгі мәселелерді шешпейді деп санайды. Екі ел арасындағы әскери шиеленіс жалғасып, тараптар бір-бірін қақтығыстың ушығуына айыптап отыр.

Иран АҚШ президенті Дональд Трамп ұсынған атысты тоқтату бастамасынан бас тартты. Бұл туралы The New York Times басылымы Иран мен Ирактың ресми өкілдеріне сілтеме жасап жазды, деп хабарлайды Qandastar.kz ақпарат агенттігі.

Ақпаратқа сәйкес, Вашингтонның ұсынысын Тегеранға Ирак премьер-министрі Али аз-Заиди жеткізген. Ол бұған дейін АҚШ астанасында Дональд Трамппен кездесіп, екі ел арасындағы жағдайды талқылаған. Алайда ұсыныстың нақты шарттары көпшілікке жарияланбаған.

Иран билігі бұл ұсыныстың Тегеран қарастырған жалғыз ресми бастама болғанын мәлімдеді. Дегенмен ел басшылығы уақытша бітімге баруға дайын емес екенін жеткізді. Иран тарапы мұндай келісім Ормуз бұғазына қатысты негізгі мәселелерді шешпейді деп санайды.

Иранның сыртқы істер министрі Аббас Арагчи де Ирак премьер-министрінің АҚШ ұстанымын жеткізгенін растады. Оның айтуынша, келіссөздердің жүруіне делдалдардың жетіспеуі емес, АҚШ тарапынан қойылған қатаң және біржақты талаптар кедергі келтіріп отыр.

АҚШ пен Иран арасындағы жағдай биыл ақпан айында күрделене түскен. Маусымда тараптар уақытша келісімге келгенімен, бірнеше аптадан кейін әскери әрекеттер қайта басталған.

Шілде айының ортасынан бері АҚШ әскері Иран аумағындағы әскери нысандарға соққы жасап келеді. Вашингтон бұл әрекеттердің мақсаты Иранның әскери әлеуетін әлсірету және Ормуз бұғазы арқылы өтетін халықаралық кеме қатынасын қорғау екенін мәлімдеді.

Ал Тегеран АҚШ-тың Таяу Шығыстағы әскери нысандарына жауап шабуылдарын ұйымдастырып, қақтығыстың шиеленісуіне Вашингтон жауапты деп отыр.

Сонымен қатар Иран дипломатиялық келіссөздерге дайын екенін бірнеше рет айтқан. Алайда Тегеран АҚШ Иранның ядролық немесе стратегиялық нысандарына шабуыл жасайтын болса, аймақтағы америкалық базаларға жауап соққы берілетінін ескертті.

Ұқсас Мақалалар

Back to top button