Күздің келуімен бірге тұмау мен жіті респираторлық вирустық инфекциялар (ЖРВИ) маусымы басталады. Балалардың мектеп пен балабақшаға оралуы, сондай-ақ адамдардың жабық ғимараттарда көбірек уақыт өткізуі инфекциялардың таралу қаупін арттырады. Осыған байланысты Қазақстанда 2026–2027 жылғы эпидемиялық маусымға дайындық аясында мектептер мен медициналық ұйымдарда бірқатар алдын алу шаралары енгізілді. Бұл туралы Qandastar.kz сайты хабарлады.
Егер бір сыныптағы оқушылардың 20–30 пайызы ЖРВИ жұқтырса, балалардың кабинеттен кабинетке ауысып оқуына уақытша тыйым салынады. Сондай-ақ сол сыныпқа 10 күн бойы жаңа оқушылар қабылданбайды. Ал бір инкубациялық кезең ішінде оқушылардың 30 пайызы немесе одан көбі ауырған жағдайда, сынып қашықтан оқыту форматына көшіріледі. Бұл талаптар Қазақстанның Бас мемлекеттік санитариялық дәрігері Сархат Бейсенованың 2026–2027 жылғы эпидемиялық маусымға арналған қаулысында көрсетілген.
Білім беру ұйымдарында оқушылардың сабаққа қатысуы күн сайын бақылауда болады. Сабаққа келмеген балалардың себебі анықталып, қажет болған жағдайда мәлімет медициналық ұйымдарға жолданады. Сонымен қатар әр таң сайын оқушылардың денсаулығы тексеріледі. Тұмау, ЖРВИ немесе COVID-19 белгілері байқалған балалар сабаққа жіберілмейді. Егер бала оқу барысында сырқаттанса, ата-анасы келгенге дейін басқа оқушылардан оқшауланады.
Мектептерде санитариялық талаптар да күшейтіледі. Әр қабат пен сыныптардың жанында қолды өңдеуге арналған антисептиктер қойылып, оқушыларға жеке бас гигиенасы мен респираторлық инфекциялардан қорғану жолдары түсіндіріледі.
Эпидемиялық маусым аясында 15 қыркүйектен бастап тұмауға қарсы вакцинация басталады. Екпе медицина қызметкерлеріне, диспансерлік есепте тұрған балаларға, балалар үйлерінің тәрбиеленушілеріне, қарттар үйлерінің тұрғындарына, жүкті әйелдерге және эпидемиологиялық көрсетілім бойынша басқа да азаматтарға салынады. Ал 1 қазаннан бастап медицина қызметкерлері жұмыс барысында міндетті түрде бетперде тағуға тиіс.
Науқастар саны артқан жағдайда ауруханалар қосымша инфекциялық және реанимациялық төсектер дайындайды. Медициналық ұйымдарда бос орындар күн сайын бақылауға алынып, қажет болған жағдайда қосымша бөлімшелер ашылады. Емханаларда тұмау, ЖРВИ және COVID-19 белгілері бар науқастар бөлек қабылданады. Үйге шақыртуларға қызмет көрсету үшін мобильді бригадалар құрылып, дәрі-дәрмек қоры алдын ала жасақталады.
Бір жасқа дейінгі балалар мен жүкті әйелдер ерекше бақылауда болады. Олардан респираторлық инфекция белгілері анықталса, үйге дәрігер бірінші кезекте жіберіліп, жағдайы күн сайын қадағаланады. Қажет болған жағдайда ауруханаға жатқызылады.
Жаңа эпидемиялық маусымда COVID-19 бойынша да зертханалық бақылау жалғасады. Ауыр респираторлық инфекциямен ауруханаға түскен науқастардан тұмау мен коронавирусқа талдау алынады. Егер өңірдегі сырқаттанушылық деңгейі белгіленген шектен асып кетсе, эпидемиологиялық ахуалға қарай қосымша шектеу шаралары енгізілуі мүмкін.



