Әлем жаңалықтарыЖаңалықтар

Қазақстан мен Әзербайжан Құрық–Баку паром қатынасын қайта іске қоспақ

COVID-19 пандемиясына байланысты тоқтаған жолаушылар тасымалы қайта жанданады. Екі елдің көлік ведомстволары Құрық–Баку бағыты бойынша паром қатынасын қалпына келтіру жұмыстарын бастап кетті.

Қазақстан мен Әзербайжан Каспий теңізі арқылы жолаушылар тасымалын қайта жандандыруды жоспарлап отыр. Бұл туралы Қазақстанның Әзербайжандағы елшісі Әлім Байел мәлімдеді, деп хабарлайды Qandastar.kz.

Қазақстан тарапы Әзербайжанға Құрық порты – Баку порты – Құрық порты бағытындағы паром қатынасын қайта іске қосуды ұсынған.

Бұл бағыт бойынша жолаушылар тасымалы COVID-19 пандемиясына дейін жұмыс істеп келген. Алайда 2020 жылы коронавирусқа байланысты қатынас тоқтатылған.

Әлім Байелдің айтуынша, тасымал тоқтағанға дейін Каспий теңізі арқылы жылына шамамен 1500 жолаушы қатынаған. Дипломат алдағы уақытта бұл бағытқа сұраныс артып, жолаушылар саны көбейеді деп есептейді.

Паром қатынасын қалпына келтіру Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы көлік байланысын нығайтып қана қоймай, екі ел арасындағы туристік ағынды арттыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар бұл бағыт Орта дәліздің транзиттік әлеуетін кеңейтуге ықпал етпек.

Елшінің мәліметінше, Әзербайжан тарапы Қазақстанның ұсынысын қолдаған. Қазір екі елдің көлік ведомстволары жолаушылар қатынасын мүмкіндігінше қысқа мерзімде қайта іске қосу мәселесі бойынша жұмыс жүргізіп жатыр.

Қазіргі уақытта Баку мен Қазақстанның Астана, Алматы, Шымкент, Ақтау және Атырау қалалары арасында 37 әуе рейсі орындалады.

Ұқсас Мақалалар

Back to top button