Жаңалықтар

Қытайда қалған туысыңызды заңды түрде шақыру үшін

Алматы қаласы мемлекеттік еңбек инспекциясы және көші-қон басқармасының көші-қон бөлімі келесіні хабарлайды.
«Халықтың көші-қоны туралы» Заңына сәйкес, Қазақстан Республикасы азаматтары шетелдерде тұратын этникалық қазақтардың арасынан туыстарын Қазақстан Республикасына отбасын біріктіру мақсатында қоныстандыру үшін шақырту жібере алады.
Отбасын біріктіру туралы шақырту Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің міндетін атқарушының 2016 жылғы 13 қаңтардағы №13 бұйрығымен бекітілген қағидамен реттеледі.
Өтініш беруші — шетелдерде тұратын этникалық қазақтардың арасынан туыстарын Қазақстан Республикасына отбасын біріктіру мақсатында қоныстандыру үшін өтініш білдіретін Қазақстан Республикасының азаматы.
Туыстар — үлкен атасы мен үлкен әжесіне дейін ортақ ата-бабалары бар туыстық қатынастағы адамдар.
Яғни, Қазақстан Республикасы азаматтарының шетелдерде тұратын этникалық қазақтардың арасынан туыстарын Қазақстан Республикасына отбасын біріктіру мақсатында қоныстандыру үшін өтініш білдірген жағдайда, Алматы қаласы Мемлекеттік еңбек инспекциясы және көші-қон басқармасы өтініш білдірушілердің шақыруларымен өтініштерін қабылдаған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде қарайды және куәландырады.
Өтініш білдіруші Қағидада көзделген құжаттарды толық көлемде ұсынбаған және (немесе) белгіленген нысан бойынша толтырмаған жағдайда, Басқарма үш жұмыс күні ішінде өтініш берушіге жазбаша негіздеме (ұсынылмаған және (немесе) белгіленген нысан бойынша толтырылмаған құжаттарды көрсете отырып) жазып қайтарып жібереді.
Алматы қаласы Мемлекеттік еңбек инспекциясы және көші-қон басқармасы Алмалы ауданы, Төле би көшесі, 155 ғимарат мекен-жайында орналасқан.

Алматы қаласы Мемлекеттік еңбек инспекциясы
және көші-қон басқармасы
көші-қон бөлімінің басшысы К.Т.Галиева

Ескерту: Егер сіздің тіркеуіңіз Алматы қаласынан болмаса, яғни, Алматы облысы немесе басқа да облыстардан болсаңыз, онда жоғарыда аталған мекен-жайға келудің қажеті жоқ. Сіз өзіңіз тұратын өңірдегі көші-қон басқармасына барып құжаттарыңызды тапсырасыз.
Сондай-ақ, мұндай шақырту жіберу Қытайдан өзге елдерге де жарамды.

Ілмектер

Осы айдарда

Добавить комментарий

Close