
Қазақстанда миллиардтаған теңге айналым жасаған ірі онлайн-казиноның қызметі тоқтатылды.
Қаржылық мониторинг агенттігінің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаменті «Nomad Poker» атауымен жұмыс істеген заңсыз ойын платформасын әшкереледі, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.
Тергеу мәліметінше, онлайн-казиноның жұмысын Қазақстан азаматтары Грузия аумағынан қашықтан ұйымдастырып отырған. Олар жеке басын жасыру және ақша қозғалысын бақылауды қиындату үшін шетел азаматтарының атына рәсімделген банк карталары мен байланыс нөмірлерін пайдаланған.
Заңсыз платформа тәулік бойы жұмыс істеп, қатысушыларға онлайн-покер ойнап, нақты ақшаға бәс тігуге мүмкіндік берген. Жаңа ойыншылар әлеуметтік желілер мен мессенджерлер арқылы тартылып отырған. Нәтижесінде жүйеге 20 мыңнан астам адам тіркелген.
Тергеу барысында ұйымдастырушылардың «дропперлер» деп аталатын үшінші тұлғалардың банк шоттарын пайдаланғаны белгілі болды. Ол үшін Қазақстанға шетел азаматтары әкелініп, олардың атына сыйақыға банк карталары мен мобильді банкинг рәсімделген. Жалпы саны 60-тан астам дроп-шот анықталды.
ҚМА мәліметінше, ойыншылардан түскен қаражат көлемі 7,5 млрд теңгеден асқан. Сот шешімімен Алматыдағы пәтерге, үш автокөлікке және дропперлердің есепшоттарындағы 158 млн теңгеге тыйым салынды.
Қазір аталған іс бойынша сотқа дейінгі тергеу жалғасып жатыр.



