«Қазгидромет» РМК 10 шілдеде еліміздің бірнеше қаласында қолайсыз метеорологиялық жағдай (ҚМЖ) қалыптасатынын мәлімдеді, дейді Qandastar.kz.
Синоптиктердің болжамынша, Қостанай, Көкшетау, Қарағанды, Жезқазған, Теміртау және Алматы қалаларында, сондай-ақ түнгі уақытта Астанада атмосфералық ауаның ластануына қолайлы жағдай сақталады.
Қолайсыз метеорологиялық жағдай – желдің әлсіз болуы, тұманның түсуі, температуралық инверсия секілді табиғи құбылыстардың әсерінен ауадағы зиянды заттардың төменгі қабатта жиналуына ықпал ететін қысқа мерзімді құбылыс.
Осыған байланысты мамандар тұрғындарға, әсіресе автокөлік қозғалысы көп көшелер мен өндіріс орындарының маңында ұзақ уақыт болмауға кеңес береді. Ал тыныс алу жүйесі, жүрек-қан тамырлары аурулары немесе аллергиясы бар азаматтарға сыртқа шыққанда қажетті дәрі-дәрмектерін өздерімен бірге алып жүру ұсынылады.
Еске сала кетейік, бұған дейін «Қазгидромет» 10 шілдеге арналған дауылды ескерту жариялаған болатын. Мамандардың мәліметінше, еліміздің бірқатар өңірінде ауа температурасы +42 градусқа дейін көтеріліп, кей жерлерде найзағай ойнап, жаңбыр жауып, бұршақ түсуі ықтимал.



